Астанада Buyer's Union қаржы пирамидасын ұйымдастырған бес адам сотталды
Астанада тұрғын үй мен автокөлікті пайызсыз сатып алуға уәде беріп, 44 азаматқа 111 млн теңгеден астам шығын келтірген Buyer's Union қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларға сот үкімі шықты, деп хабарлайды Politico.kz.
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының мәліметінше, қаржы пирамидасы 2024 жылдың маусымынан 2025 жылдың ақпанына дейін тұтыну кооперативі атын жамылып жұмыс істеген.
Сотталушылар салымшыларға үй мен көлікті пайызсыз сатып алуды ұсынып, ақша жинаған. Олардың барлығы бұған дейін де қаржы пирамидасын құру, басқару және оның қызметін ұйымдастыруға көмектесу бойынша 2026 жылдың 27 ақпанында сотталған.
Бұл жолы сот алдыңғы жазаның өтелмеген бөлігін ішінара қосып, пирамиданы ұйымдастырған Ш.-ны 7 жыл 6 айға, И.-ды 6 жыл 6 айға, ал қалған үш сотталушыны (А., Х., К.) 5 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды. Бесеуіне де азаматтардың қаражаты мен инвестицияларын тартуға байланысты қызметпен айналысуға 8 жылға тыйым салынды.
Жаза тағайындау кезінде сот олардың кінәсін мойындап, өкінгенін және жас балаларының барын ескерген. Жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.
Сондай-ақ сотталғандардан 44 жәбірленушінің пайдасына 111 168 000 теңге материалдық шығын мен 700 мың теңге өкілдік шығыны ортақ тәртіппен өндірілетін болды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
2025 жылдың наурызында Қаржылық мониторинг агенттігі Buyer's Union қаржы пирамидасының қызметін тоқтатқанын хабарлаған еді. Сол кездегі мәлімет бойынша, кооперативке 250-ден астам салымшы 300 млн теңгеден астам қаражат салған. Қатысушыларға жылжымайтын мүлік пен көлікке инвестиция салу ұсынылып, жаңа клиенттер тартқаны үшін табыс табуға уәде берілген.
Соңғы жаңалықтар