Астанада «имамның үйі» туралы жалған ақпарат таратқан ер адам сотталды

Астана қаласының әкімшілік соты «имамның зәулім үйі» туралы видео түсіріп, жалған ақпарат таратқан ер адамға шешім шығарды, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Тергеу материалдарына сәйкес, ер адам әлеуметтік желілерде коттедждің видеосын жариялап, оны Астананың бас имамы Ерболат Жүсіповке тиесілі деп мәлімдеген. Ол үйдің мешітке жасалған қайырымдылық қаражатқа салынғанын айтқан.
Бұған қатысты бас имам Ерболат Жүсіпов мәлімдеме жасап, рухани қызметкерлерге жала жабу – үлкен күнә екенін айтты.
«Қазіргі уақытта әлеуметтік желіде имамдар мен діни қызметкерлер туралы түрлі жалған ақпарат тарап жатыр. Біреудің ақысын жеп, әділетсіздік жасау – Құранда үлкен күнә болып саналады», – деді имам.
Кейінірек коттедждің шынайы иесі Нұрлан Лесбекұлы шығып, үйдің өзіне тиесілі екенін растады.
Сотта видео авторы кінәсін мойындап, үйдің кімге тиесілі екенін нақты білмегенін және видеоны тек әлеуметтік желідегі қаралым үшін түсіргенін айтты.
Соттың шешімі бойынша, ол 180 АЕК (707 760 теңге) көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді.
Соңғы жаңалықтар





