Астанада пәтерін босатуды талап еткен әйел таяқ жеген
Астанада пәтерді уақытында босатпаған 22 жастағы жігіт үй иесін ұрып, жарақаттаған. Полиция күдіктіні ұстап, қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды Politico.kz.
Жанжал жалға алушының пәтерден уақытында шықпауынан басталған. Үй иесі жігітті пәтерден шығаруға тырысқан сәтті телефонына түсіріп алған.
Әлеуметтік желіде тараған видеода ер адамның әйелге балағат сөздер айтып, күш қолданамын деп қорқытқанын көруге болады. Пәтер иесі жанжалдың видеосы мен соққыдан алған жарақатының суретін жариялаған.
Астана қалалық полиция департаменті оқиғаға қатысты түсініктеме берді.
«Денсаулыққа қасақана зиян келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полиция қызметкерлері 22 жастағы ер адамды анықтап, ұстады. Тексеру барысында күдіктінің пәтерді жалға алғаны, алайда оны уақытында босатпағаны белгілі болды», деп хабарлады полиция.
Полиция мәліметінше, жанжал кезінде күдікті пәтер иесіне дене жарақатын салып, ар-намысына тиетін балағат сөздер айтқан.
Қазір сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.
Бұдан бөлек, сот жігітті балағат сөздер айтып, ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 30 тәулікке әкімшілік қамауға алды.
Соңғы жаңалықтар