Астанада Satbayev University-дің жаңа кампусы ашылды

01.11.2025 19:35 Арман Ермеков
Астанада Satbayev University-дің жаңа кампусы ашылды
0
77

Астанада Satbayev University-дің жаңа инженерлік кампусы ашылды. Жаңа нысан елдің инженерлік білімі, ғылымы мен инновациясының ірі орталығына айналмақ. Мұнда академиялық дайындық, зерттеу және өндіріс арасындағы байланыс нығайтылады, деп хабарлайды POLITICO.KZ.

Тоғыз онжылдықтан астам тарихы бар Satbayev University осы уақытқа дейін 160 мыңнан астам инженер даярлап, Қазақстанның индустриялануына, энергетика, геология және машина жасау салаларының дамуына үлес қосты. Енді жаңа кампус арқылы, әсіресе, солтүстік өңірлердегі өнеркәсіпке қажетті кадрларды елордада оқытуды мақсат етіп отыр.

Кампус заманауи зертханалармен және оқу кеңістіктерімен жабдықталған. Мұнда аддитивті технологиялар, робототехника, энергетика және машина жасау бағытындағы зертханалар, коворкинг аймақтары мен инновациялық зерттеу бөлмелері бар. Оқу процесі индустриялық серіктестер мен жұмыс берушілердің сұранысын ескере отырып, университеттің академиялық стандарттарына сай құрылған.

Ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова бұл кампустың ашылуы жоғары білім жүйесінің дамуының және уақыт талабына сай бейімделуінің айқын көрінісі екенін айтты. Оның сөзінше, жаңа кампус орталық өңір экономикасына қажетті инженер мамандарын даярлауда маңызды рөл атқарады.

Университет ректоры Мейрам Бегентаев білім, ғылым және индустрияны біріктіруді көздейтіндерін атап өтті. Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та ел экономикасына білікті инженерлер қажет екенін айтқан болатын. Осыған орай, оқу орны мамандарды жоғары технологияны тек пайдаланып қана қоймай, оны жасай алатын деңгейде дайындау үшін білім бағдарламаларын жаңартып жатыр.

«Біздің мақсатымыз – техникалық білімді болашақ инженер болуға ұмтылған әрбір адамға қолжетімді ету үшін білімді, ғылымды және индустрияны біріктіру», - деді Бегентаев.

Satbayev University тарихы академик Қаныш Сәтбаев есімімен тығыз байланысты. Оның бастамасымен құрылған Қазақ политехникалық институты бүгінде еліміздің инженерлік мектебінің негізін қалаған жетекші оқу орнына айналды.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий