Астанада тұрақ ақысы минуттап есептеледі

Елордада тұрақ төлеу жүйесі толық өзгереді, деп хабарлайды Politico.kz Informburo.kz басылымына сілтеме жасап.
Астана. 17 қазан. Елордада көлік тұрағына ақы төлеу жүйесі түбегейлі өзгереді. Енді астаналықтар аз уақыт тұрса да, бір сағаттың толық құнын төлемейтін болды. Қала әкімі Жеңіс Махмұдұлы Қасымбек депутаттық сауалға берген жауабында тұрақ ақысын минуттап есептеу тетігі енгізілетінін мәлімдеді.
Бұған дейін депутат Асылбек Жамашұлы Нұралин қысқа мерзімді тұрақ үшін толық сағаттың ақысын алудың әділетсіздігін көтеріп, пайдаланылмаған уақыт үшін ақшаны қайтаруды ұсынған болатын.
Жаңа жүйе бойынша қалада шлагбауммен жабдықталған жабық үлгідегі ақылы тұрақ алаңдары пайда болады. Ол жерлерге көлік нөмірін танитын арнайы бейнетіркеу жүйелері орнатылады. Сондай-ақ, қазіргі ашық үлгідегі коммуналдық тұрақтар да, егер қажетті инфрақұрылымы болса, осы жаңа жүйеге қосылмақ. Әкімнің түсіндіруінше, төлем минуттап алынатындықтан, депутат ұсынған ақшаны қайтару тетігінің қажеті болмайды.
Жаңа тұрақтардың болжамды бағасы да белгілі болды. Шлагбаумы бар жабық алаңдар үшін сағатына 300 теңге, ал ашық үлгідегі коммуналдық тұрақтар үшін сағатына 100 теңге мөлшерінде тариф бекітілмек. Жеңіс Қасымбек жекеменшік тұрақ иелері бағаны өздері қоятынын, қазіргі талдау бойынша олардың құны сағатына 300-ден 5000 теңгеге дейін жететінін атап өтті.
Алайда, бұл жаңашылдық бірден іске қосылмайды. Қала әкімінің түсіндіруінше, қазіргі ақылы тұрақтардың мобильді қосымшасы жеке серіктес – «Астана тұрақ кеңістігі» ЖШС-не тиесілі. Бүгінгі таңда әкімдік бұл компаниямен мемлекеттік-жекешелік серіктестік шартын бұзу рәсімдерін жүргізіп жатыр. Әкімдік минуттап төлеуді көздейтін ережелер жобасын әзірлеп қойған, бірақ ол «Астана тұрақ кеңістігі» компаниясымен келісімшарт бұзылғаннан кейін ғана күшіне енеді.
Соңғы жаңалықтар





