Трамп Тоқаевқа желтоқсандағы кездесуді асыға күтетінін айтты
АҚШ Президенті Дональд Трамп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа Республика күніне орай құттықтау жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Politico.kz.
Ақ үй басшысы өз хатында Қазақстан мен АҚШ арасындағы стратегиялық әріптестіктің кейінгі бір жылда айтарлықтай тереңдей түскенін ризашылықпен атап өтті.
«Кейінгі бір жыл ішінде серіктестігімізді тереңдете түскенімізге қуаныштымын. Бұл халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықтан бастап екі елге де пайдалы маңызды коммерциялық келісімдерге дейін қамтыды. 1991 жылы халықаралық аренада Қазақстанды егемен ел ретінде бірінші болып Құрама Штаттар таныған болатын. Сондықтан еліңіздің тәуелсіздігі мен егемендігін және аумақтық тұтастығын әрдайым қолдаймыз. Қазақстанның таңғаларлық экономикалық табыстарына америкалық компаниялар да зор үлес қосып келеді. Елдеріміз арасындағы берік достық ұзақ жылдарға жалғасатынына сенімдімін. Желтоқсан айында өтетін G20 саммиті аясындағы кездесуді асыға күтемін», – делінген АҚШ Президентінің жеделхатында.
Еске салайық, 12 қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаев БРИКС саммиті аясында АҚШ президентінің Оңтүстік және Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Серджио Гормен кездескен болатын.
Сол кездесуде Серджио Гор Дональд Трамптың Қазақстан тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай жолдаған жеке құттықтау хатын Мемлекет басшысына табыстаған еді.
Соңғы жаңалықтар