Астаналықтар жылуға артық төлеп жүр ме? Есеп айырысу орталығы жауап берді

Астаналықтар жылуға артық төлеп жүр ме? Есеп айырысу орталығы жауап берді
Фото: Shutterstock

Астаналықтардың жылу ақысына қатысты шағымына жауап берілді, деп хабарлайды Politico.kz.

Астаналықтар қараша айындағы жылу ақысының қымбаттығына шағымданған. Алайда «Астана-ЕРЦ» есеп айырысу орталығы тұрғындардың өтініштерінен кейін тексеру жүргізіп, төлемдерде қателік пен техникалық ақау анықталмағанын мәлімдеді.

27 қарашада өткен дөңгелек үстел барысында есеп айырысу орталығының өкілдері тұрғындардың шағымынан кейін «Астана-Теплотранзит» компаниясына ресми сауал жолданғанын айтты. Тексеру нәтижесінде жылу ақысының есептелуінде ешқандай қате болмағаны белгілі болған.

Мамандардың сөзінше, елордада жылыту маусымы 2026 жылдың 2 қазанында басталған. Сондықтан қараша айындағы түбіртектерге қазанның басым бөлігі үшін жылу ақысы қосылған. Бұған қоса, өткен жылмен салыстырғанда жылу энергиясының тарифі де өскен.

Айта кетейік, 2026 жылдың 16 шілдесінен бастап Астанада халық үшін жылу тарифі 10 пайызға қымбаттаған. Қазіргі уақытта желтоқсанның соңына дейін бір гигакалорияның құны жалпыүйлік есептеу құралы орнатылған үйлерде ҚҚС-сыз 4 061,11 теңгені, ал есептегіші жоқ үйлерде 4 956 теңгені құрайды.

Сонымен қатар төлем сомасы тек тарифке байланысты емес. Егер үйде ортақ жылу есептегіші болса, ақы нақты тұтынылған жылу көлеміне қарай есептеліп, пәтерлер арасында олардың ауданына сәйкес бөлінеді. Ал есептегіш жоқ, істен шыққан немесе тексеруден өтпеген жағдайда төлем бекітілген нормативтер бойынша жүргізіледі.

Осылайша, ауа райы салыстырмалы түрде жылы болғанына қарамастан, тұрғындардың жылу ақысы бірнеше факторға байланысты өсуі мүмкін. Олардың қатарында жылыту маусымының ұзақтығы, тариф, нақты тұтынылған жылу көлемі және үйдің техникалық ерекшеліктері бар.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу