Астанада телефон тонаумен айналысқан екі жасөспірім бес жылға сотталды
Біреудің телефонын тартып алса, енді бірінің телефонын қоңырау шалу сылтауымен иемденіп, банк шотындағы ақшасын ұрлаған. Астанада бірнеше қылмыс жасаған екі жасөспірім бес жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Politico.kz.
Сот дерегінше, алғашқы оқиға 26 наурызда «Koktal» сауда үйінде болған. Бір топ жасөспірім бұрын араларындағы біреуін ұрып кеткен жігітпен есеп айырысуға келген. Сөзге келіскен олар үш адамды ұрып-соғып, сауда үйінде дүрбелең туғызған.
17 сәуірде екі жасөспірім бұрын жанжалдасқан қатарласын пышақ пен жиналмалы таяқ көрсетіп қорқытып, құны 342 мың теңгеге жуық телефонын тартып алған. Кейін оны сатып жіберген.
Ал 30 сәуірде сотталушылардың бірі тағы екі адаммен бірге телефонын ломбардқа өткізуден бас тартқан жәбірленушіні ұрып-соққан. 15 мамырда танысының телефоны арқылы банк қосымшасына кіріп, депозитіндегі 620 мың теңгені ұрлаған.
Сәуір мен маусым аралығында жасөспірімдер осындай бірнеше қылмыс жасаған. Мәселен, 29 мамырда Бурабай ауданындағы дүкен сатушысының iPhone 15 Pro телефонын ұрлап, банк шотынан 237 мың теңге шешіп алған. Телефонды да сатып жіберген. Сатушыға келген шығын 837 мың теңгені құраған.
Жәбірленушілерге келтірілген жалпы залал 3 млн теңгеден асады. Сотталушылардың бірі бұған дейін де ұрлық үшін сотталған.
Екі жасөспірім Қылмыстық кодекстің 293-бабы (Бұзақылық), 191-бабы (Тонау), 190-бабы (Алаяқтық), 188-бабы (Ұрлық) және 108-1-бабы (Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру) бойынша өздеріне тағылған айыптар бойынша кінәлі деп танылды. Екеуі де кінәсін толық мойындаған.
Сауда үйіндегі төбелеске қатысқан тағы үш жасөспірім жәбірленушілермен татуласып, келтірген зиянын өтеген. Олар ҚК-нің 68-бабының 2-бөлігіне сәйкес қылмыстық жауаптылықтан босатылды. Сот оларға тәрбиелік ықпал ету шараларын қолданды.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Соңғы жаңалықтар