Алматыда бір ай бұрын төселген тротуар опырылып түсті
Алматы тұрғыны Жароков көшесі мен Бұқар жырау бульварының қиылысында төселген кеспе тастың (брусчатка) опырылып түскен сәтін видеоға түсіріп, желіде жариялады. Қала әкімдігі оқиғаның мән-жайын түсіндірді, деп хабарлайды Politico.kz.
Қала тұрғыны Ботагөз Әсімхан Threads әлеуметтік желісінде жазба жариялап, жақында ғана жөнделген жаяу жүргіншілер жолының бүлінгеніне наразылық білдірді.
«Жароков – Бұқар жырау қиылысындағы тротуар плиткасы, 2026 жылдың қазан айында ғана төселген. Егер тротуар жаяу жүргіншінің немесе арба сүйреген ана мен баланың астынан опырылып кетсе не болар еді?» – деп ашынды жазба авторы.
Оқиғаға қатысты Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі түсініктеме берді. Мамандар тексеру жүргізгеннен кейін жаяу жүргіншілер өткелінің астындағы су өткізгіш құбыр диаметрінің сәйкес келмеуінен кеспе тас шөгіп, опырылып кеткенін хабарлады.
«Қолданыстағы Б-3 типті арық диаметрі кішірек металл құбырмен жалғанған. Соның салдарынан нөсер жауын кезінде су көп жиналып, арнасынан тасыған. Бұл кеспе тастың астындағы топырақ қабатының шайылып, жабындының шөгуіне және опырылуына әкеп соқты», – делінген әкімдік хабарламасында.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, аталған учаскені абаттандыру аясында тек жаяу жүргіншілер жолын жайластыру және кеспе тас төсеу жұмыстары ғана жүргізілген. Ал қолданыстағы арық науаларын, металл су өткізгіш құбырлар мен жабық арық жүйелерін жөндеу, ауыстыру немесе қайта жаңарту жұмыстары қарастырылмаған.
Әкімдік өкілдері мердігер ұйымның күшімен аталған ақаулар қысқа мерзім ішінде жойылып, аумақ тиісті қалыпқа келтірілетінін мәлімдеді.
Соңғы жаңалықтар