«Асыл арна» шын мәнінде не үшін жабылды? Мұхамеджан Тазабек жауап берді
Қоғам қайраткері, айтыскер ақын әрі дінтанушы Мұхамеджан Тазабек «Talim TV» арнасына берген сұқбатында «Асыл арнаның» жабылу себебін түсіндірді. Оның пайымдауынша, бұл шешімге тек қаржылық факторлар мен заманауи форматқа көшудің тиімділігі ғана әсер еткен, деп хабарлайды Politico.kz.
«Асыл арнаның» жабылуы қазіргі масс-медиа заңдылықтарына тікелей байланысты. Мысалы, телеарналарды мемлекет тарапынан үлкен көлемде қаржыландырып отырмаса, қазіргі таңда арналар да, газеттер де өзін-өзі ақтай алмайды. Қазір — әлеуметтік желілердің алға шыққан уақыты. Біз кезінде «Асыл арна» арқылы миллиондаған көрерменмен байланыс орнатып, өзіміздің үлкен аудиториямызды қалыптастырдық. Қазіргі уақытта да командамызбен бірге сол әлеуметтік желілерде жұмысымызды жалғастырып жатырмыз. Мүмкін енді ол кездегіден бес-алты есе аз адам қарайтын шығар, бірақ дәл сол ағартушылық бағыттағы жұмыстар әлі де атқарылуда. Сондықтан «Асыл арнаның» жабылуының артында ешқандай үлкен құпия себеп жоқ, бұл — жай ғана заман талабы. Өйткені дәстүрлі телеарна өзін-өзі ақтамайды. Жалпы, бұл тек «Асыл арнаға» ғана қатысты мәселе емес, негізінен телеарна көретін көрерменнің қатары азайды. Мысалы, мемлекет өзінің ішкі-сыртқы саясатын жүргізу тұрғысынан, телеарна ақталса да, ақталмаса да, оған қаржы құйып, жұмысын жүргізіп отыра береді. Ал біз жекеменшік телеарна болғандықтан, қаржы жағына да, аудиториямен жұмыс істеу тиімділігіне де назар аударамыз. Мысалы, біз бір бағдарламаны телеарнаға да, әлеуметтік желіге де шығардық делік. Телеарнаға қарағанда әлеуметтік желідегі бағдарлама әлдеқайда көп қаралым жинайды. Оның үстіне, оған аз қаражат кетеді. Олай болса, біз неліктен телеарнаны үлкен фабрика құсатып шығындалып ұстап тұруымыз керек? Сондықтан оның уақыты келді деп есептедік», — деді Мұхамеджан Тазабек.
Дінтанушы тәуекелдерді басқару мен өзгерістерден қорықпаудың маңызын атап өтіп, алпауыт компаниялардың тәжірибесін мысал ретінде келтірді.
«Сосын жалпы мынадай бір ұғым бар: дәл бүгінгі технология заманы өте жылдам өзгерістерді қажет етеді. Бір уақыттарда Финляндияның «Nokia» деген әлемге әйгілі телефон шығаратын алпауыт өндірісі болғанын білесіз ғой. Бірақ олар «Apple», «Samsung» сияқты нарықтағы тез өзгерістерге бейімделе алмады да, бәсекеден шығып қалды. Ал қазір тәуекелден қорықпай, жаңа құндылықтарды алға тартқан компаниялар қалай озып кетті? Сол сияқты өзгерістерден қорықпау керек. Мысалы, қазір адамдар шетелге барып тұрудан да, өз кәсібін ауыстырудан да қорықпайды. Сол секілді адам қайраткерлік салада да батыл қадамдар жасаудан, үлкен тәуекелдерге барудан тартынбауы тиіс. Біз де дәл осылай жасадық», — деді дінтанушы.
«Бұрын, мысалы, «Асыл арна» алғаш ашылған кезде халықтың діннен хабары аз болды да, көптеген ақпаратты сол жерден алды. Кейін әлеуметтік желілер пайда болып, түрлі уағызшылар мен имамдар шыққан соң, халық «Асыл арнаны» қарамай кетті. Оның үстіне, қазіргі уақытта имамдар мен уағызшыларға қатысты қатты сындар да айтылып жатыр. Осы жағдайлар әсер етті ме деген ой келді» — деді журналист.
«Енді сіз «қарамай кеттік» деп сұрағыңыздың жауабын өзіңіз де айтып отырсыз ғой. Бұл тек «Асыл арнаға» ғана емес, жалпы барлық салаға қатысты үрдіс. Мысалы, Америкадағы алпауыт басылымдар саналатын «The New York Times» пен «The Washington Post» газеттерінің өзі қазір бұрынғыдай оқылмайды. Бір замандарда өзіміздің «Жұлдыз» журналы 300 мың данамен таралатын еді, ал оның қазіргі жағдайы бәрімізге белгілі. Тіпті аудандық газеттердің барлығы дерлік қазіргі уақытта жекешеленіп кетті. Мемлекеттік телеарналардың да жайын білеміз, олар қаншама қаржының күшімен ғана дем алып, жұмыс істеп тұр. Сондықтан бұл жердегі негізгі мәселе — заман талабы. Адамдар қазір оңай әрі ыңғайлы нәрсеге үйренген. Яғни, телевизорды қосып, оның арнасын ауыстырып отырудың өзі қазір біреулер үшін артық әурешілік болуы мүмкін. Мысалы, мен қазір Qazsport арнасынан әлем чемпионатын немесе футбол көретін болсам, оны теледидардан тамашаламаймын. Айпадты қолға алып, Qazsport-тың онлайн режимінен-ақ қарай саламын. Үйде телевизор тұр, бірақ келесі бөлмеге барып оны қосқанша, өзім отырған жерде онлайн режимде футбол тамашалаған ыңғайлы. Осының өзі заманның, медианың және ақпараттың адамдарға әсер ету күшінің қаншалықты жылдам өзгеріп жатқанын көрсетеді. Оның үстіне қоғамда діни уағыз да, дінге қарсы насихат та басқа алаңдарда қатар көбейді. Бұл — өзі бітпейтін мәңгілік тартыс. Мен тек діни уағыз көбейіп кетті деп айта алмаймын, оған қарсы уағыз да дәл солай көбейді. Өйткені «жерден қанша бу көтерілсе, көктен сонша су түседі, қар, жаңбыр, бұршақ болып жауады» дейді ғой. Алла Тағала барлық нәрсені өзінің өлшемімен, тепе-теңдікпен жаратқан. Тура сол сияқты, ақ пен қараның, құндылықтардың тартысы қай кезде де Алланың әділдігімен жүріп отырады. Бірақ адамдарда таңдау еркі бар. Мысалы, адам дін жайында насихат тыңдаймын десе, оның есігі ашық. Ал енді бұзыламын десе, осы Алматының әр бұрышында қаншама маньяктар өзінің құрбанын күтіп отыр», — деп қорытындылады сөзін Мұхамеджан Тазабек.
Мұхамеджан Тазабек деген кім?
Мұхамеджан Оразбайұлы Тазабек — 1975 жылы 3 шілдеде Жамбыл облысы, Байзақ ауданының Шахан ауылында дүниеге келген танымал қазақстандық қоғам қайраткері, айтыскер ақын, дінтанушы, публицист және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (2014). Ұлы жүздің Дулат тайпасы, Шымыр руынан шыққан ол отбасындағы бес баланың үлкені; әкесі филолог, публицист әрі ақын, ал анасы ауылдық кітапханашы болған. Жамбыл облысындағы Мұхтар Әуезов атындағы орта мектепті тәмамдағаннан кейін, білімін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетінде жалғастырып, 1996 жылы «филолог, қазақ тілі мен әдебиетінің оқытушысы» мамандығын алып шықты. Кейіннен аталған оқу орнының магистратурасын «әдебиеттану» бағыты бойынша 1998 жылы, ал аспирантурасын 2000 жылы аяқтады. Рухани ізденісін одан ары дамыту мақсатында 2011 жылы Шет тілдері және іскерлік мансап университетінен дінтанушы мамандығын алып шықты.
Мұхамеджан Тазабектің шығармашылық жолы өте ерте, яғни 1987 жылдан бастап қазақтың төл өнері — айтыс сахнасында басталды. Ол 1990 жылы Бауыржан Момышұлының 80 жылдығына арналған айтыстың, 1991 жылы Бөгенбай батырдың 300 жылдығы, Абылай ханның 280 жылдығы, Исатай Таймановтың 200 жылдығы және Сыпатай батырдың 210 жылдығына арналған республикалық додалардың Бас жүлделері мен жеңімпазы атанды. Өнердегі айтулы белестері 1992 жылы «І дүниежүзілік қазақ құрылтайы» халықаралық айтысында, 1993 жылы «Қазақ халқының үш биі», 1994 жылы Т. Рысқұлов пен М. Жұмабаевтың 100 жылдығы, 1995 жылы Абайдың 150 жылдығы, 1998 жылы Қарасай батырдың 400 жылдығы мен «Супер дода», 1999 жылы Жамбыл облысының 60 жылдығына арналған республикалық айтыстардағы жеңістерімен жалғасты. Сонымен қатар 1997 жылы Наурыз мерекесіне арналған алғашқы айтыстың жүлдесін иеленіп, 1999 жылы Орталық Азия елдері ақындарының халықаралық айтысында топ жарды. 2000 жылы Бауыржан Момышұлының 90 жылдығына арналған сайыста және тұңғыш «Жекпе жек» республикалық айтысында жеңіске жетсе, 2001 жылы «III республикалық айтыстың» арнайы жүлдесін алып, Бішкек қаласында өткен халықаралық айтыстың жүлдегері атанды. Кинематография саласында да қолтаңбасын қалдырып, 1991 жылы «Мұхамеджанның ақбоз аты», 1996 жылы «Юность Жамбыла», 2011 жылы «Дода», 2012 жылы «Тастандылар», 2015 жылы «Сергелдең» мен «Көке», 2016 жылы «Шатқал» және «Бір келіншек» туындыларына, сондай-ақ 2016-2019 жылдары «Үлкен үй» және 2018 жылы «Шабдалы» жобаларына қатысты.
Тіл мен өнер саласындағы қоғамдық белсенділігі аясында 1996-1997 жылдары Қазақ ұлттық университетінің ақындар мектебін басқарды. Әскери және патриоттық қызметке де үлес қосып, 1999-2001 жылдары «Ұлан» ұлттық ұланында келісімшарт негізінде қызмет етсе, 1997-2003 жылдар аралығында Президенттік оркестрдің солисі міндетін атқарды. Медиа кеңістіктегі танымалдылығы 2001-2002 жылдары «Жұмадағы жүздесу» бағдарламасын жүргізумен бекіп, 2003-2008 жылдары «Қазақ радиосының» эфиріндегі «Құбыла» хабарының тізгінін ұстады, кейіннен 2007-2009 жылдары осы бағдарламаның авторы әрі жүргізушісі ретінде қызметін жалғастырды. Ол 2003-2007 жылдары «Ақ Орда» Республикалық қозғалысы» Қоғамдық бірлестігінің шығармашылық бөлімін басқарып, 2005-2006 жылдары осы ұйымның рухани жобалар үйлестірушісі ретінде айтыскерлер сайысын ұйымдастырды, ал 2005-2008 жылдар аралығында аталған бірлестікпен бірге республикалық деңгейдегі айтыс шараларын өткізуге атсалысты. 1992-2021 жылдар аралығында Түркия, Германия, Франция, Қытай, Ресей Федерациясы, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Өзбекстан және Қырғызстандағы қазақ диаспорасымен өткен халықаралық кездесулерге белсенді қатысты.
Мұхамеджан Тазабектің медиа саласындағы ең ірі жобаларының бірі — 2007 жылы негізі қаланған, әлеуметтік тақырыптарда деректі фильмдер түсірумен айналысқан Asyl arna студиясы. Бұл студия 2008 жылы Asyl arna ағартушылық телеарнасына айналып, ол 2009 жылдан бері осы арнаның негізін қалаушы әрі бас директоры қызметін атқарып келеді. Сол жылы оның бастамасымен құрылған «Иман нұры» студиялық бағдарламасы Рамазан айында «Қазақстан» Ұлттық телеарнасынан көрсетілді. Сонымен қатар, ол Qazaqstan ұлттық арнасында жарық көрген «Ораза қабыл болсын» (2008) және «Иман нұры» рухани-мәдени бағдарламаларының авторы әрі жүргізушісі ретінде танылды, ал 2008-2009 жылдары бұл хабарларды өзі тікелей тізгіндеді. Оның ұйытқы болуымен «Мұхаммед — соңғы пайғамбар» голливудтық мультфильмі қазақ және орыс тілдеріне дубляждалып, «Аңшылық», «Құсбегілік», «Атбегілік» секілді мәдени-этнографиялық деректі фильмдер мен «Атамекен», «Бетпақ дала» экспедициялық жобалары жарық көрді. 2008-2021 жылдар аралығында ел аумағында офлайн және онлайн форматта дәрістер оқыды. 2014-2016 жылдары Қоғамдық даму және ақпарат министрлігімен бірлескен ақпараттық-ағарту тобының құрамында өңірлерде қоғамды дерадикализациялау кездесулерін өткізді. Осы кезеңде, дәлірек айтқанда 2014-2017 жылдары Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы Қоғамдық кеңестің тұрақты мүшесі болды, ал 2014-2018 жылдары «Нұр Отан» партиясымен бірлесіп республикалық айтыстарды ұйымдастыруға жетекшілік етті.
Философиялық көзқарастары тұрғысынан Мұхамеджан Тазабек дәстүрлі құндылықтарды берік ұстанып, оларды бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде кеңінен насихаттайды. Оның ұстанымы әйел затына, ата-анаға деген құрметке, отбасылық адалдыққа, ұрпақ тәрбиесіне және отансүйгіштікке негізделген. Ислам дінін адам өмірін жақсылыққа бастайтын «зияткерлер діні» деп сипаттайтын ол өзінің «Ұлтты рухани ағарту және сауықтыру» тұжырымдамасын қазақ халқының сан ғасырлық даналығы мен салт-дәстүрі аясында өрбітеді. Өткен замандағы қоғамдық институттардың қуаттылығына сүйене отырып, тарихи тамырға оралу рухани өрлеудің, қоғам мен жеке тұлғаның салауатты әрі бақытты өмір сүруінің кепілі екенін алға тартады және кез келген мемлекеттің жүйелі дамуы үшін тұрақтылықтың маңыздылығын ерекше атайды. Қоғамдық-мәдени қызметі үшін 1996 жылы Қазақстан Жастар Одағының Сыйлығымен, 1998 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығымен марапатталды. Қазақстан Президентінің 2014 жылғы 9 желтоқсандағы Жарлығымен ұлттық айтыс өнерін дамытуға қосқан зор үлесі үшін «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілді, сондай-ақ 2018 жылы Ақпарат министрлігінің «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен және 2021 жылы «Парасат» орденімен марапатталды.
Соңғы жаңалықтар