Полиция пунктінен 23 жастағы қыз өлі табылды: Бұрынғы учаскелік инспектор қатысты сот басталды

30.09.2026 • 19:20 Қарақат АСЫЛОВА
    Полиция пунктінен 23 жастағы қыз өлі табылды: Бұрынғы учаскелік инспектор қатысты сот басталды
249
Фото: gov.kz

Қарағандыда бір жыл бұрын полицияның учаскелік пунктінен 23 жастағы қыздың мәйіті табылған оқиғаға қатысты сот процесі басталды, деп хабарлайды Politico.kz.

Сот алдында бұрынғы учаскелік инспектор Дәурен Досов жауап беріп жатыр.

Оқиға өткен жылдың күзінде болған. Полицияның тірек пунктіне келген жедел топ ғимараттың бір бөлмесінен ес-түссіз жатқан полиция майорын, ал екінші бөлмеден жас әйелдің мәйітін тапқан.

Алдын ала мәлімет бойынша, сол кезде Дәурен Досов есірткі заттарының шамадан тыс мөлшерінен есінен танып қалған деген ақпарат тараған. Ол ауыр жағдайда жансақтау бөліміне жеткізіліп, дәрігерлер бір аптадан астам уақыт оның өмірі үшін күрескен.

Есін жиғаннан кейін Досов полиция қатарынан босатылды. Кейін оған ҚР Қылмыстық кодексінің 370-бабы — «Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметтегі әрекетсіздік» бойынша айып тағылды.

Істі қарау 30 қыркүйекте Қарағанды қаласының Қазыбек би аудандық сотында басталды. Мемлекеттік айыптауды Қарағанды облысының прокуроры Дінмұхамед Әлімқұлов қолдап отыр.

Сот отырысы журналистер үшін жабық өтетін болды. Қорғаушы Асет Түбеков процесс барысында сотталушы мен марқұмның жеке өміріне қатысты мәліметтер қаралатынын айтып, істі жабық режимде өткізуді сұраған. Сот қорғаушының өтінішін қанағаттандырды.

Осылайша, қоғамда резонанс тудырған оқиғаның мән-жайы енді жабық сот процесінде қаралады.

Войдите, чтобы оставить комментарий