«Төрешілермен келіспейтін тұстарым бар»: Елдос Сметов Азия ойындарынан кейін мәлімдеме жасады
Қазақстандық дзюдошы, Олимпиада чемпионы Елдос Сметов Жапонияда өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарында жүлдегер атанды, деп хабарлайды Politico.kz.
Осылайша ол Азия ойындарында араға 12 жыл салып қайтадан жүлдеге қол жеткізді.
Жарыстан кейін спортшы финалдық белдесу мен турнирдегі қарсыластары туралы айтып, өз нәтижесіне баға берді.
Сметовтің сөзінше, шешуші кездесуде ол таза жеңіске жетуді көздеген. Алайда жапониялық Хаято Кондо соңғы шабуылдардың бірінде сытылып кеткен. Қазақстандық дзюдошы жекпе-жек барысында төрешілердің кейбір шешімдерімен келіспегенін де жасырмады.
Елдос Сметов Азия ойындарындағы бәсекелестіктің өте жоғары болғанын атап өтті. Ол жарыс барысында Оңтүстік Корея, Моңғолия және Қытайлық Тайпэй өкілдерімен белдескен. Спортшының айтуынша, қарсыластарының барлығы бұған дейін ірі халықаралық жарыстарда жүлде алған тәжірибелі дзюдошылар.
Ал финалда кездескен жапониялық Хаято Кондомен Сметов бұған дейін белдеспеген.
Сондай-ақ Олимпиада чемпионы алдағы жоспарына тоқталды. Оның айтуынша, Олимпиададан кейін екі жылдық үзіліс болып, осы аралықта екі операция жасалған. Кейін спортшы бабын қайта қалпына келтіріп, Азия ойындарына дайындалған.
«Мен өзімді ең мықтымын деп санамаймын. Қателіктерді саралап, олқылықтарды толықтырып, одан да мықты болып оралу керек. Мен үшін бұл жаман нәтиже емес. Алда тағы да ірі жарыстар күтіп тұр», – деді Елдос Сметов.
Соңғы жаңалықтар