«Атаққа лайық емес пе»: «Дос-Мұқасанның» негізін қалаған Мұрат Құсайыновқа қатысты шулы петиция пайда болды
Қазақстанда аты аңызға айналған «Дос-Мұқасан» ансамблінің негізін қалаушылардың бірі Мұрат Құсайыновқа «Қазақстанның халық әртісі» атағын беру туралы петиция жарияланды. Өнер иесі ондаған жыл бойы сахнада өнер көрсетіп, бірқатар мемлекеттік марапатқа ие болғанымен, әзірге бұл атаққа ұсынылмаған, деп хабарлайды Politico.kz.
Петиция авторлары Президентке үндеу жолдады
26 қазанда epetition.kz платформасында тіркелген петиция авторлары мемлекет басшысы мен Мәдениет және ақпарат министрлігіне үндеу жасап, Мұрат Құсайыновты 2027 жылы «Қазақстанның халық әртісі» атағына ұсынуды сұраған. Дәл осы жылы «Дос-Мұқасан» ансамблінің құрылғанына 60 жыл толады.
Өтініш авторларының айтуынша, Мұрат Құсайынов ұжымның қалыптасуына тікелей атсалысқан. Ол 1973 жылдан бері ансамбльді басқарып келеді. Осы уақыт ішінде топ бірнеше тарихи кезеңді, Кеңес Одағының ыдырауын және 1990 жылдардағы күрделі кезеңді бастан өткерген.
Петицияда «Дос-Мұқасан» Қазақстандағы рок пен поп-музыканы қазақтың халық әндерімен үйлестірген алғашқы кәсіби вокалды-аспаптық ансамбль ретінде сипатталған.
«Мұрат Құсайынов бұл атаққа қойылатын заң талаптарына толық сәйкес келеді. Алайда министрліктің 2025 жылғы желтоқсандағы жауабына сәйкес, оны марапатқа ұсыну туралы өтініш әлі түспеген. Біз, Қазақстан азаматтары, осы әділетсіздікті түзетуді сұраймыз», – делінген үндеуде.
Министрлік бұған дейін не деп жауап берген?
Композиторға халық әртісі атағын беру мәселесі бұған дейін де көтерілген. Бір жыл бұрын Мәдениет және ақпарат министрлігі ведомствоға тиісті өтініш түспегенін мәлімдеген. Сонымен қатар құжаттар белгіленген тәртіппен тапсырылған жағдайда, музыканттың кандидатурасын қарастыруға дайын екенін жеткізген.
Мұрат Құсайынов – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі және еңбек сіңірген қайраткері. Ол «Құрмет» және «Парасат» ордендерімен марапатталған. Петиция авторлары өнер иесінің осы уақытқа дейінгі еңбегі оған халық әртісі атағын беруге негіз бола алады деп есептейді.
«Сахнадағы алпыс жыл – мемлекет өнер майталманына халық әлдеқашан берген атақты ресми түрде табыстауы үшін жеткілікті мерзім», – деп жазған петиция авторлары.
«Дос-Мұқасан» ансамблі қалай құрылған?
Мұрат Құсайынов 1948 жылы 10 тамызда Жамбыл облысында дүниеге келген. 1967 жылы ол Досым Сүлейев, Кәмит Санбаев және Александр Литвиновпен бірге «Дос-Мұқасан» ансамблін құрған.
Ұжымның атауы оның негізін қалаушылардың есімдерінен құралған. Музыканттар алғашқы концертін 1967 жылы 1 тамызда Баянауылда, студенттік құрылыс жасағының құрамында жүрген кезде берген.
Қазір петиция қол жинаудың бастапқы кезеңінде. Белгіленген тәртіп бойынша келесі кезеңге өту үшін 11 қарашаға дейін кемінде 50 дауыс жинауы қажет.
Соңғы жаңалықтар