Павлодарда салмағы 600 грамм шақалақтың жамбас сүйегі сынып кетті
Павлодар облыстық перинаталдық орталығында небәрі 600 грамм болып шала туған нәрестенің жамбас сүйегі сынған, деп хабарлайды Politico.kz.
Туыстарының айтуынша, 23 қазанда дәрігерлер оларға сәбидің тырысу (құрысу) ұстамасы кезінде жамбас сүйегі сынып кеткенін мәлімдеген. Бұл жағдайға қатты алаңдаған отбасы әлеуметтік желілер арқылы Денсаулық сақтау министрлігіне үндеу жасап, мекемеде арнайы тексеріс жүргізуді сұрады. Сондай-ақ шақалақтың жақындары медицина қызметкерлері тарапынан мардымды әрі толық түсініктеме берілмей отырғанын айтады. Бұған қоса, олардың сөзінше, сәбидің жай-күйін суретке немесе видеоға түсіріп алмауы үшін жансақтау бөліміне ұялы телефон алып кіруге тыйым салынған.
Ал перинаталдық орталық өкілдері салмағы тым аз нәрестелерді күтіп-баптау өте күрделі әрі ұзақ процесс екенін алға тартып отыр. Олардың түсіндіруінше, мұндай сәбилерде жиі кездесетін асқынулардың бірі – шала туғандардың остеопениясы, яғни сүйек тінінде минералдардың жетіспеушілігі. Медициналық мекеменің мәліметі бойынша, бұл жағдай шала туған балалардың 30–55%-ында кездеседі және аяқ-қолды жай қозғалтқанның өзінде өздігінен сүйектің сынып кетуіне (спонтанды сынықтарға) әкелуі мүмкін.
Ақ халаттылар рентген суретінде сынық орнында бастапқы сүйек сүйелі (костная мозоль) пайда болғанын, бұл сүйек тінінің тұрақтанғанын білдіретінін атап өтті. Орталықтың хабарлауынша, дәл қазір нәрестеге қосымша арнайы ем қажет емес.
Қазіргі таңда сәбидің жағдайы тұрақты деп бағалануда.
Соңғы жаңалықтар