Атырау мұнай өңдеу зауытында апат: бензин төгілуде
Атырау мұнай өңдеу зауытында орын алған бензин төгілуінің зардаптары екінші күн жойылуда, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Зауыт қызметкерлері 10 қаңтарда оқиға орнынан видео жіберді. Бейнежазбада бензиннің топыраққа төгіліп, арнайы сорғылардың көмегімен сорылып жатқанын көруге болады.
«Төгілген жер 33-парктің маңында. Олар осы жерден бензинді сорып, арнайы жинақтау орындарына жеткізіп жатыр», – дейді бейнежазбада зауыт қызметкері.
Кәсіпорынның мәліметіне сәйкес, апат 9 қаңтар кешінде орын алған. Зардаптарды жою жұмыстары төрт сағатқа созылғанымен, төгілген бензин толықтай жиналмаған. Қазіргі уақытта арнайы сорғылардың көмегімен бензин сорылуда.
Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері оқиға орнына жіберілді. Аймақтағы экология департаменті де жағдайдан хабардар екенін растап, тексеру тағайындау жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
«Атырау мұнай өңдеу зауытындағы апатты жағдай туралы ақпараттандық. Бұл мәселе бойынша облыстық экология департаменті тиісті тексеру тағайындау жұмыстарын бастады», – делінген хабарламада.
Айта кетейік, 10 қаңтарда АНӨЗ бас директоры Ғалымжан Жусанбаевтың еңбек шартының мерзімі аяқталады.