Қазақстанда мыс көп, бірақ оны өңдейтін зауыттар неге аз? Экономист себебін түсіндірді

14.10.2026 • 16:59 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Қазақстанда мыс көп, бірақ оны өңдейтін зауыттар неге аз? Экономист себебін түсіндірді
104
Коллаж: Politico.kz/ЖИ

Қазақстанда мыс кені молынан өндіріледі. Бірақ оны дайын өнімге айналдыратын зауыттар жеткіліксіз. Соңғы 35 жылда мыс кенін өндіру төрт еседен астам өскенімен, тазартылған мыс шығару көлемі сол күйінде қалған. Экономист Айдархан Құсайынов мұның себебін Informburo.kz басылымына берген сұхбатында түсіндірді, деп хабарлайды Politico.kz.

Экономистің айтуынша, Қазақстан тәуелсіздік жылдары жаңа кен орындарын ашып, мыс өндіруге миллиардтаған доллар жұмсаған. Алайда сол шикізатты өңдейтін зауыттарды дамытуға жеткілікті көңіл бөлінбеген.

«Жақында Қазақстанның мыс өнеркәсібі 1990 жылдан бері қалай дамығанын көрсететін қызық деректерді көрдім. 35 жылда мыс кенін өндіру көлемі 38,5 миллион тоннадан 163,7 миллион тоннаға жеткен. Ал тазартылған мыс өндірісі іс жүзінде бұрынғы деңгейінде қалған. Әрине, кен дайын мыс емес. Оның құрамындағы металл мөлшері мен өңдеу технологиясын да ескеру керек. Бірақ негізгі мәселе өзгермейді: Қазақстан мыс өндіруді қарқынды дамытқанымен, металлургия саласы дәл сондай деңгейде өскен жоқ», – деді Айдархан Құсайынов.

Оның сөзінше, еліміздегі ірі мыс балқыту зауыттарының көбі өткен ғасырда салынған. Мәселен, Балқаш мыс балқыту зауыты 1938 жылдан бері жұмыс істейді. Ал Жезқазғандағы зауыт 1970-жылдары іске қосылған.

Сондықтан қолданыстағы кәсіпорындарды жаңарту қажет. Өйткені жабдықтар ескіреді, технология өзгереді, ал қоршаған ортаны қорғауға қойылатын талаптар күшейіп келеді.

«Мен мұны ұлттық қауіпсіздік мәселесі деп те қарастырар едім. Өйткені өз металлургиямыздың болуы – стратегиялық маңызды өндіріс орындарын, білікті мамандарды сақтап қалу және өз байлығымызды шетелге тәуелді болмай өңдеу мүмкіндігі. Қолданыстағы зауыттарды жоғалтып алу оңай, ал кейін оларды қайта қалпына келтіру әлдеқайда қиын», – дейді экономист.

Мыс қымбат, бірақ зауыттар неге пайда таппайды?

Айдархан Құсайыновтың айтуынша, әлемде мысқа сұраныс артып, бағасы көтерілгенімен, оны өңдейтін кәсіпорындардың табысы көбейіп жатқан жоқ.

Мұның себебі қарапайым. Кен өндіруші компаниялар мыс концентратын шығарады. Ал металлургиялық зауыттар сол концентратты балқытып, дайын металға айналдырады. Бұл қызметі үшін зауыттарға арнайы ақы төленеді.

Алайда 2026 жылы әлемдік нарықта мыс концентратын өңдеу ақысының негізгі көрсеткіші нөлге дейін төмендеген. Кейбір нарықтық келісімдерде тіпті теріс мәнге жеткен.

«Бірақ зауыттар тегін жұмыс істей бастаған жоқ қой. Олар бұрынғыдай электр энергиясына, жұмысшылардың еңбегіне, жөндеу жұмыстарына және экологиялық шараларға ақша жұмсайды», – деп түсіндірді экономист.

Мәселен, 2025 жылы әлемдегі мыс балқыту зауыттарының бір тонна құрғақ концентратты өңдеуге жұмсайтын тікелей шығыны орта есеппен 124 доллар болған. Ал Қытайда бұл көрсеткіш шамамен 58 долларды құраған. Бұл сомаға жаңа жабдық сатып алу сияқты күрделі шығындар кірмейді.

Зауыттар мыс өндіру кезінде алынатын алтын, күміс және күкірт қышқылын сатудан да табыс табады. Бірақ бұл өнімдердің бағасы тұрақсыз. Сондықтан кәсіпорындар тек қосымша өнімнен түсетін ақшаға сеніп, миллиардтаған инвестиция сала алмайды.

Экономист мұндай қиындықтың басқа елдерде де бар екенін айтты.

Мысалы, 1980-жылдары АҚШ-та шамамен 15 мыс балқыту зауыты жұмыс істеген. Қазір екеуі ғана қалған. Чилиде де кейбір кәсіпорындар жабылған. Ал Филиппиндегі PASAR зауыты 2025 жылғы ақпанда жұмысын уақытша тоқтатқан.

Бұған өндірістік шығындардың көптігі, ескірген технологиялар мен экологиялық талаптардың күшеюі әсер еткен.

Ал Қытай керісінше, әлемдегі ең ірі мыс өңдеу орталығына айналған. Халықаралық энергетика агенттігінің мәліметінше, 2005 жылдан бергі әлемдік мыс балқыту өндірісі өсімінің 90 пайыздан астамы осы елге тиесілі.

Қазақстан жылына 2,8 миллиард доллардың мыс шикізатын сатады

Экономист келтірген дерекке сүйенсек, 2025 жылы Қазақстан шетелге 1,4 миллион тоннадан астам мыс кені мен концентратын экспорттаған. Оның жалпы құны 2,8 миллиард доллар болған.

Мәселе – еліміздегі зауыттардың өндірілген шикізаттың бәрін өңдеуге шамасы жетпейді.

Бұған дейін премьер-министр Олжас Бектенов отандық металлургиялық кәсіпорындарды шикізатпен ұзақ мерзімге қамтамасыз ету және оны терең өңдеуге инвестиция тарту тетіктерін қарастыруды тапсырған.

Қазір Балқашта жылына 300 мың тонна катодты мыс шығаратын жаңа зауыт салу жоспарланып отыр.

Алайда Құсайынов шикізатты шетелге сатуға шектеу қоюдың өзі мәселені шешпейтінін айтады.

«Ертең мыс концентратын экспорттауға толық тыйым салсақ та, жаңа зауыттар өздігінен пайда болмайды. Ол үшін инвестиция қажет. Инвестор кәсіпорын қандай жағдайда жұмыс істейтінін, өңдеу ақысы қалай есептелетінін және салған қаржысын қалай қайтаратынын алдын ала білуі керек», – деді ол.

Экономист басқа мемлекеттердің тәжірибесін де мысалға келтірді. Индонезия мыс концентратының экспортын шектеп, оны өз елінде өңдеуге күш салып жатыр. Конго Демократиялық Республикасы 2026 жылы мыс пен кобальт концентраттарын сыртқа шығаруға қойылған тыйымды жаңартқан.

Ал Австралия Mount Isa мыс балқыту зауыты мен Townsville мыс тазарту кәсіпорнын қолдау үшін үш жылға шамамен 395 миллион АҚШ долларын бөлетінін жариялаған.

Қытай болса жаңа зауыттарды көбейтуден гөрі қолданыстағы кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз етуге басымдық беріп отыр.

Зауыттарға мемлекет ақша бөлуі керек пе?

Айдархан Құсайынов Қазақстанда талқыланып жатқан мыс концентратын өңдеу тарифін есептеудің жаңа әдістемесін қолдайтынын айтты.

Оның мәні – зауыттардың шикізатты өңдегені үшін алатын ақысын есептегенде нақты шығындарын, белгіленген пайда мөлшерін және өндірісті жаңартуға жұмсалатын инвестицияны ескеру.

Бірақ кәсіпорындарға қосымша табысты ешқандай талапсыз беруге болмайды.

«Зауытты жаңартуға жұмсалатын ақшаны тарифке қосқың келе ме? Онда шығыныңды дәлелде, нақты жоба ұсын және оның қандай нәтиже беретінін көрсет. Менің ойымша, реттеудің негізгі мақсаты зауыттарға қосымша табысқа кепілдік беру емес, өндірісті дамытуға экономикалық жағдай жасау болуы керек», – деді экономист.

Оның пікірінше, осындай тәсіл зауыттарды жаңартуға жеке инвесторлардың ақшасын тартуға мүмкіндік береді. Сонда мемлекет кәсіпорындарды бюджеттен үнемі қаржыландыруға мәжбүр болмайды.

Қазақстан мыстан дайын өнім шығарса, не өзгереді?

Құсайыновтың айтуынша, мысты тек балқытып қою жеткіліксіз. Одан кабель, сым, фольга, электр жабдықтары және басқа да дайын өнімдер шығару керек.

Қазір Қазақстанда осындай кейінгі өңдеу өндірістерінің үлесі шамамен 5 пайыз ғана.

Ал бұл бағыт дамыса, жаңа жұмыс орындары ашылады. Металлургиялық зауыттардың айналасында көлік, энергетика, машина жасау, жөндеу және қызмет көрсету кәсіпорындары көбейеді. Инженерлер мен басқа да мамандарға сұраныс артады.

Экономист бұған Балқашты мысалға келтірді. 1938 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан мыс балқыту зауыты бірнеше ұрпақты жұмыспен қамтып, тұтас қаланың экономикалық тірегіне айналған.

«Металлургияны дамытудың пайдасы тек мыс өндірісін көбейтумен шектелмейді. Зауыт айналасында тұтас өндіріс тізбегі қалыптасады. Жаңа жұмыс орындары ашылады, салық түсімдері артады, басқа салалар дамиды. Сондықтан мен жетістікті өндірілген мыстың көлемімен ғана емес, оның айналасында қанша жаңа кәсіпорын, жұмыс орны мен технологиялық мүмкіндік пайда болғанымен бағалар едім», – деді Құсайынов.

Оның пікірінше, Қазақстан үшін басты мақсат – жер қойнауындағы мысты көбірек қазып, шетелге сату ғана емес. Сол шикізаттан ел ішінде дайын өнім шығарып, оның пайдасын отандық экономикада қалдыру.

«Металлургияға салынған инвестиция бір ғана экономикалық кезеңге емес, бірнеше ұрпақтың болашағына арналған инвестиция», – деді экономист.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу
Войдите, чтобы оставить комментарий