Атырауда 6-сынып оқушысы мектепке пышақ алып келген

Атырауда 6-сынып оқушысы мектепке пышақ алып келген
Фото: ашық дереккөз

Атырау қаласындағы №14 А. Чехов атындағы орта мектептің 6-сынып оқушысы білім ордасына ас үй пышағы мен гантельге ұқсас темір зат алып келген. Бұл туралы мектеп әкімшілігі мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Мектеп әкімшілігінің түсіндіруінше, оқиға 21 қазанда сағат 15:40 шамасында анықталған. Азаттық даңғылы, 78 мекенжайында орналасқан білім ордасында сынып жетекшісі оқушының сөмкесін тексеру кезінде қауіпті заттарды байқап, дереу мектеп әкімшілігіне хабарлаған.

Оқушының айтуынша, мұндай әрекетке сыныптастарымен арадағы түсініспеушілік себеп болған.

Мектеп әкімшілігінің мәліметінше, оқушы сыныптастарына немесе басқа білім алушыларға пышақпен қоқан-лоқы көрсетпеген, ешкімге дене жарақатын салмаған. Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ.

Жағдай анықталғаннан кейін оқушының ата-анасы мен мектеп инспекторы шақыртылған. Олардың қатысуымен оқиғаның мән-жайы қаралып, ата-анасына профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және мінез-құлқындағы өзгерістерге назар аудару қажеттігі айтылған.

Бұған қоса, сынып жетекшісінен жазбаша түсініктеме алынған.

Мектеп әкімшілігі жағдайдың дер кезінде анықталуы ықтимал қауіптің алдын алуға мүмкіндік бергенін атап өтіп, жұртшылықты жалған ақпарат таратпауға шақырды.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу