Жамбылда әйелімен татуласқан ер адам 330 мың төлейді

Жамбылда әйелімен татуласқан ер адам 330 мың төлейді
Фото: ашық дереккөз

Жамбыл облысында әйелінің денсаулығына зиян келтірген ер адам онымен татуласқанына қарамастан, емделуге кеткен 330 мың теңгені мемлекетке қайтаруға міндеттелді, деп хабарлайды Politico.kz Мойынқұм аудандық сотына сілтемемен.

Сот материалдарына сәйкес, ер адамның заңсыз әрекетінен әйелі орташа ауырлықтағы дене жарақатын алған. Зардап шеккен әйел аудандық ауруханаға жеткізіліп, ем қабылдаған. Оны емдеуге мемлекет бюджетінен 330 мың теңге жұмсалған.

Бұған дейін ер адамға қатысты Қылмыстық кодекстің 107-бабының 1-бөлігі «Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру» бойынша қылмыстық іс қозғалған. Алайда ерлі-зайыптының татуласуына байланысты іс тоқтатылған.

Соған қарамастан, әйелді емдеуге жұмсалған мемлекет қаражаты қайтарылмаған. Осыған байланысты Мойынқұм ауданының прокуроры мемлекетке келтірілген материалдық залалды өндіріп алу үшін сотқа талап арыз берген.

Сот ұсынылған дәлелдемелер мен іс материалдарын зерттеп, прокурордың талабын толық қанағаттандырды.

Сот шешімімен ер адамнан мемлекет пайдасына 330 мың теңге материалдық залал және мемлекеттік баж өндірілетін болды.

Сот шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, Көкшетауда TikTok-та «өнер» көрсеткен ер адам 30 тәулікке қамалған болатын.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу