Атырауда есірткі ұрлады деп айыпталған бұрынғы полиция басшысының соты кейінге қалды
Атырауда тәркіленген синтетикалық есірткіні ұрлап, қайта сатты деп айыпталған полиция қызметкерлеріне қатысты сот процесі кейінге шегерілді, деп хабарлайды Politico.kz.
Айыпталушылар қатарында қалалық полицияның бұрынғы басшысы Бақтыбек Исаев та бар.
Бұл іс бойынша барлығы жеті адам сот алдында жауап беріп жатыр. Олардың арасында Исаевтан бөлек, оның орынбасары, есірткі бизнесіне қарсы күрес бөлімінің қызметкері, қалалық полицияның тылдық қамтамасыз ету бөлімінде жұмыс істеген екі қызметкер және екі әйел бар.
Тергеу нұсқасына сәйкес, тылдық қамтамасыз ету бөлімінің қызметкерлері заттай дәлелдемелер сақталатын қоймадан синтетикалық есірткіні ұрлап, кейін оны сатумен айналысқан. Ал екі әйелге есірткіні таратуға қатысты айып тағылған.
25 қарашаға жоспарланған алғашқы сот отырысы айыпталушылардың бірі С. Гилажовтың жағдайына байланысты кейінге қалды. Ол бастапқыда өзін жайсыз сезінетінін айтып, тергеу изоляторынан шығудан бас тартқан. Медициналық тексеруден кейін сотқа жеткізілгенімен, ол өзінің адвокаты Нұрлан Жолболовтың қызметінен бас тартатынын мәлімдеген.
Сот оның өтінішін қанағаттандырып, мемлекет есебінен жаңа қорғаушы тағайындау туралы шешім қабылдады. Енді адвокат қылмыстық іс материалдарымен танысуы керек. Келесі сот отырысы 26 қараша күні сағат 10:00-ге белгіленген.
Айта кетейік, сот процесіне небәрі алты күн қалғанда Атырау облысының прокуратурасы тәркіленген есірткіні ұрлау мен ауыстырудың алдын алуға бағытталған жаңа жүйе енгізілгенін хабарлаған. Полиция жеке нөмірлері мен QR-кодтары бар мыңнан астам арнайы сейф-пакет сатып алған.
Алайда бұл шаралардың полиция қызметкерлеріне қатысты қозғалған қылмыстық іспен байланысы бар-жоғы жөнінде прокуратура әзірге түсініктеме берген жоқ.
Соңғы жаңалықтар