Шымкентте полиция басшысын парамен ұстатқан әйелдің өзі сотталды
Шымкентте бұрынғы полиция басшысының қылмыстық ісі бойынша басты куәгер болған әйел сотталды. Ол сотта көрінеу жалған айғақ бергені үшін кінәлі деп танылды. Бұл туралы журналист Михаил Козачков жазды, деп хабарлайды Politico.kz.
Оқиға 2025 жылдың жазында басталған. Сол кезде 40 жастағы Ақтоты Өзбекованың күйеуі есірткі таратты деген күдікпен ұсталған. Күйеуінің ісін жеңілірек бапқа ауыстырудың амалын іздеген әйел Тұран аудандық полиция басқармасының бастығы Нұржан Тілеуовке жолыққан. Полковник бұл үшін 6 млн теңге сұраған.
Өзбекова Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жергілікті департаментіне жүгініп, полиция басшысымен арадағы келіссөздің дәлелдерін ұсынған. Артынша Тілеуов әйелден пара алу кезінде ұсталған.
Полковниктің соты Шымкентте қызу талқыға түсті. Жергілікті блогерлер істің қолдан жасалғанын айтып, полиция басшысын жақтаған. Істің басты куәгері Өзбекова да сотта сөзінен айнып, Тілеуовтің ақша талап етпегенін, мұның арандату болғанын мәлімдеген.
Сот Тілеуовті пара алғаны үшін 6 жылға бас бостандығынан айырды. Үкім заңды күшіне енген. Ал куәгердің неліктен сөзінен айнығанын анықтау үшін сот жекеше қаулы шығарып, прокуратура қылмыстық іс қозғаған.
Тергеу барысында Өзбекованың полковниктің туыстарынан 700 мың теңге алғаны белгілі болды. Тілеуовтің әпкесі ақшаны ұлына, ұлы досына, ал досы Гауһар Э. есімді әйелге аударған.
Өзбекова өзін жалған айғақ беруге көндіргенін мойындаған. Тілеуовтің туыстары да куәгерге «бауырын кешіргені үшін» ақша төлегенін растаған.
Сот Ақтоты Өзбекованы Қылмыстық кодекстің 420-бабының 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 3 жыл 4 айға шартты түрде соттады.
Соңғы жаңалықтар