Атырауда ескерткіш басып қалған 7 жасар қыздың әкесі кінәлілерді толық жауапқа тартуды талап етуде
Атырауда ескерткіш құлап, 7 жасар қыз қаза тапқан оқиға бойынша әкесі кінәлілердің барлығы жазаға тартылуын талап етуде. Бұл туралы қыздың әкесі Айдос Сабыров мәлімдеді, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
2024 жылдың маусым айында Атырау қаласындағы Жеңіс саябағында серуендеп жүрген 7 жасар қызды ҰОС ардагеріне қойылған ескерткіш басып қалып, ол сол жерде көз жұмған.
Қыздың әкесі Айдос Сабыров тергеу барысында маңызды жайттардың назардан тыс қалғанын айтып, тек мердігердің емес, әкімдік өкілдерінің де жауапқа тартылуын талап етуде.
"Бюсттің орнатылуын сол кездегі қала әкімінің орынбасары Ұлықбек Тналиев қадағалады. Бірақ ол тергеуге толық тартылған жоқ, тек мердігер жауапқа тартылуда. Бұл әділетсіздік. Құрылыс жұмыстарына жауапты шенеуніктер де жазаға лайық," – деді Сабыров.
Оның айтуынша, Тналиев тіпті отбасыға көңіл айтуға да келмеген.
Атырау облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, тергеу ісі аяқталған.
"Қажетті процедуралар аяқталғаннан кейін іс сотқа жолданады," – деп мәлімдеді полиция.
Айдос Сабыров тергеудің әділ өтетініне күмәнданып, кінәлілердің жазасыз қалуы мүмкін екенін айтып, биліктен әділдік сұрауда.
Ақпарат ORDA арнасынан алынған.