Атырауда үстіне ескерткіш құлап қайтыс болған қыздың ісі жаңадан қарала бастады

03.08.2026 14:40 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Атырауда үстіне ескерткіш құлап қайтыс болған қыздың ісі жаңадан қарала бастады
261

Атырау облыстық сотында Жеңіс саябағында үстіне гранит ескерткіш құлап қайтыс болған 7 жасар Айарудың өліміне қатысты қылмыстық іс жаңа судьялар құрамымен қайта қаралып жатыр, деп хабарлайды Politico.kz порталы Ақ Жайыққа сілтемемен.

Жоғарғы соттың кассациялық алқасы бұған дейін мүсінші Дмитрий Баймукашевке қатысты шыққан айыптау үкімінің күшін жойып, істі қайта қарауға жіберген болатын. Бүгін белгілі болғандай, сот отырысы мүлдем басқа судьялардың қатысуымен басынан бастап өтіп жатыр.

Кассациялық алқа іс мән-жайының толық зерттелмегенін, нақты қандай құрылыс нормалары бұзылғаны және ескерткіш орнатылғаннан кейін оның қауіпсіздігіне кім жауап беруі керек болғаны анықталмағанын алға тартты. Осыған байланысты жоғарғы инстанция кінә толық дәлелденбегенін айтып, кезінде нысанды қабылдап алған қалалық әкімдік шенеуніктерін де тексеруді талап еткен.

Еске сала кетейік, 2025 жылдың шілде айында бірінші сатыдағы сот мүсінші әрі мердігер ұйым басшысын құрылыс нормаларын бұзғаны үшін кінәлі деп танып, оны 1,5 жылға бас бостандығынан айырған еді. Кейін қазан айында апелляциялық сот бұл шешімді өзгеріссіз қалдырып, сотталушы жазасын өтеп жатқан болатын.

Қайғылы оқиға 2024 жылдың 25 маусымында қатты дауыл мен жауын кезінде болды. Салмағы 200 келілік Ұлы Отан соғысы батырының мүсіні құлап, астында қалған мектеп оқушысы ауруханада алған жарақаттарынан көз жұмды, сондай-ақ оның әкесі Айдос Сабыров пен үлкен ағасы да зардап шекті.

Кейін бұл мемориалдық кешен 2020 жылы қалалық әкімдіктің бастамасымен демеушілер қаражатына тұрғызылғаны белгілі болды. Алайда 4 жыл бойы ешқандай рұқсат құжаттары рәсімделмей, тиісті жауапты тұлға бекітілмегендіктен, ескерткіштер іс жүзінде иесіз әрі техникалық бақылаусыз тұрған.

Войдите, чтобы оставить комментарий