Атырауда мүсін құлап 7 жастағы қыз қаза тапқан іс қайта қаралады

14.05.2026 21:38 Қарақат АСЫЛОВА
Атырауда мүсін құлап 7 жастағы қыз қаза тапқан іс қайта қаралады
229
Мүсіншіге шыққан үкім күшін жойды

2026 жылғы 13 мамырда кассациялық сот Атырау қаласындағы саябақта 7 жастағы қыздың қазасына байланысты сотталған мүсіншіге қатысты бұрын шығарылған үкімді күшін жойды, деп хабарлайды Politico.kz.

Сонымен қатар облыстық соттың да шешімі өзгертіліп, іс жаңадан, басқа құрамдағы сотта қайта қаралатын болды.

Адвокат Сәкен Жұнысбековтің айтуынша, кассациялық инстанция істі қарау барысында оқиғаға тек мүсінші ғана емес, жергілікті әкімдік қызметкерлерінің де жауапкершілігі болуы мүмкін екенін атап өткен. Оның сөзінше, мүсінді жасауға тапсырысты бастапқыда әкімдік берген. Кейін мүсіншіге ресми сұраныс жіберіліп, жұмыс сол негізде орындалған. Ал ескерткіштің саябаққа орнатылуын басқа мердігерлер жүзеге асырған. Сондай-ақ, дайын нысанды әкімдік қабылдап алып, бірнеше жыл бойы аумақта түрлі іс-шаралар өткізіліп келген. Осы себепті қорғау тарапы жауапкершілік тек мүсіншіге жүктелуі дұрыс емес деп есептейді.

Сонымен қатар кассациялық сот құрылыс-техникалық сараптаманың заңдылығына күмән келтірген. Адвокаттың айтуынша, сараптама жүргізген маманның тиісті лицензиясы мен сертификаты болмаған. Бұл жайт бұрынғы сот сатыларында бірнеше рет көтерілгенімен, ескерусіз қалған.

Соған қарамастан, сот үкімі жойылғанымен, мүсінші қамауда қала береді. Себебі іс қайта қарауға жіберілген және түпкілікті шешім әлі шыққан жоқ. Қорғау тарапы алдағы сотта бұлтартпау шарасын жеңілдетуді сұрамақ.

Оқиға 2024 жылдың маусым айында болған. Атыраудағы Жеңіс саябағында орнатылған мүсіндердің бірі құлап, 7 жастағы Айару ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады. Қыздың әкесі мен ағасы да жарақат алған.

2025 жылдың шілдесінде Атырау соты бұл іске байланысты мүсінші Дмитрий Баймұқашевке 1,5 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған еді. Кейін апелляциялық сот бұл шешімді өзгеріссіз қалдырған.

Войдите, чтобы оставить комментарий