Атырауда жолға таласқандар жекпе-жек ұйымдастырды

24.11.2025 16:01 Арман Ермеков
Атырауда  жолға таласқандар жекпе-жек ұйымдастырды
0
223
Фото: бейнеден кадр

Атырау көшелерінің бірінде қос жүргізуші жолға таласып, соңы жаппай төбелеске ұласты. Абырой болғанда, оқиға орнынан кездейсоқ өтіп бара жатқан арнайы жасақ өкілдері жанжалды дер кезінде ауыздықтады, деп хабарлайды Politico.kz сайты "Мой город" басылымына сілтеме жасап.

Оқыс оқиға 17 қараша күні таңғы сағат 10:00 шамасында Баймұханов көшесінде болған. Hyundai және Toyota тізгіндеген екі азамат жол ережесіне қатысты ортақ мәмілеге келе алмай, сөзге келіп қалған. Ашуға булыққан ер адамдар көліктерінен түсе сала, мәселені жұдырықпен шешуге көшкен.

Куәгерлердің айтуынша, бұл көрініс кәдімгі жекпе-жек алаңын еске түсірген. Алайда төбелестің қызып тұрған сәтінде жолдан кездейсоқ өтіп бара жатқан ІІМ-ге қарасты "Арлан" арнайы жасағының сарбаздары көлікті тоқтатып, араша түскен. Қызығы сол, дәл осы мезетте жолдан өтіп бара жатқан жедел жәрдем көлігі де тоқтатылып, дәрігерлер зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсетті. Анықталғандай, ақ халаттылар мүлдем басқа шақыртуға бара жатқан.

Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиғаның салдары ауыр болғанын растады.

"Жанжал кезінде Hyundai көлігінің 24 жастағы жүргізушісі өзінің 38 жастағы қарсыласының қолын сындырған. Қазіргі таңда күдікті қалалық полиция бөлімінің жедел-тергеу тобына жеткізілді", – деп мәлімдеді ведомство өкілдері.

Ең қызығы, тексеріс барысында төбелес шығарған жас жігіттің көлігін заңсыз басқарып жүргені белгілі болды. Ол темір тұлпарын мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз және сақтандыру полисінсіз айдап жүрген.

Қазіргі уақытта тентек жүргізушіге қатысты бірден бірнеше шара қолданылды:

  • Көлігі айыптұрағына жабылды;
  • Құжатсыз көлік жүргізгені үшін әкімшілік хаттамалар толтырылды;
  • Адам денесіне жарақат салып, қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін Қылмыстық кодекстің "Бұзақылық" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий