Маңғыстауда қаза тапқан сарбаздардың отбасыларына жиналған қаражат толықтай таратылды
Маңғыстау облысында қаза тапқан сарбаздардың отбасылары мен оқиғадан аман қалған сарбаздарға қаржылай көмек бөлу жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, Маңғыстау облысы қоғамдық кеңесінің төрағасы Бекмұрат Жүсіпов мәлімдеді.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қаза тапқан сарбаздардың жақындары мен зардап шеккен сарбаздарға қолдау көрсету үшін арнайы «Ұлттық рух» қоры белгіленген. Қорға еліміздің ірі кәсіпорындары, кәсіпкерлері мен меценаттары қаржы аударған.
Жиналған қаражаттың мақсатты әрі әділ бөлінуін қамтамасыз ету үшін арнайы комиссия құрылған. Оның құрамына құқық қорғау органдарының өкілдері, қоғам қайраткерлері, Құрылтай депутаттары, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері және қоғамдық кеңестер мен мәслихаттардың өкілдері кірген.
Бекмұрат Жүсіповтің мәліметінше, комиссия шешіміне сәйкес қорға түскен қаражат қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына теңдей бөлінген. Сондай-ақ оқиғадан аман қалған сарбаздарға жеке қаржылай төлемдер қарастырылған.
Қаражатты бөлуге қатысты шешімдер хаттамалармен рәсімделіп, заңнамада белгіленген тәртіп сақталған. Бұл процеске қаза тапқан сарбаздардың ата-аналары да қатысқан. Комиссия қаражаттың қорға түсуінен бастап, алушыларға аударылғанға дейінгі барлық кезеңді бақылауда ұстаған.
Сонымен бірге көмек алған отбасылардың қауіпсіздігі мен жеке мәліметтерінің құпиялылығын сақтау мақсатында әрқайсысына төленген нақты сомалар жарияланбайды.
Бекмұрат Жүсіпов комиссияның жұмысын аяқтағанын және қорға жиналған қаражаттың барлығы белгіленген тәртіппен бөлінгенін атап өтті.
Соңғы жаңалықтар