Атыраулық ағайынды Наурыз бен Мирамгүлдің денесі табылған жер көрсетілді – видео
Бірнеше ай бойы хабарсыз кеткен ағайынды Наурыз Мұқанғалиев пен Мейрамгүл Қарабалинаның күні кеше мәйіті табылған еді. Журналист Жанат Молдашова мәйіттер табылған орынды көрсетті, деп хабарлайды Politico.kz
«Бізде бейресми ақпарат пен ресми хабар бір-біріне 100 пайыз сәйкес келеді. Бұл – күдіктілер жалдап тұрған үй. Осының іргесі мен бағана арасынан «марқұмдардың сүйегі табылды» дейді. Дәл осы жер бұған дейін қазылған. Дәл кеше қазылды деп айта алмаймыз. Күні кеше қазылғанға ұқсамайды», – деді журналист Жанат Молдашова.
Оның сөзінше, бұл оқиға жөнінде жергілікті полиция әзірге ресми мәлімет таратпаған.
«Ақжайық» басылымының жазуынша, марқұмдардың денесі табылған ауладағы үйде күдікті Сұлтан Сәрсемалиев әйелімен бірге тұрған.
Жоғалған отбасының барлық мүшелері табылды, енді тергеу жұмыстары жалғасып жатыр. Тергеушілер қылмыстың басқа да мән-жайларын анықтап жатыр.
Еске сала кетейік, іздестіру жұмыстары желтоқсаннан бері жалғасып келген. Оған полиция қызметкерлері мен Ұлттық гвардия қатысып, жылжымалы штаб ұйымдастырылған. Үй ауласын және оған жақын жерлерді арнайы техника, соның ішінде георадарлар арқылы тексергенімен, бастапқы іздестіру нәтиже бермеген еді.
Ал бұған дейін Жангельдин ауылындағы сарайдан ерлі-зайыптының денелері табылған еді.
Еске салайық, бұған дейін 2025 жылдың күзінде Атырау облысы Қызылқоға ауданы Жангелдин ауылында бір отбасының төрт мүшесі із-түссіз жоғалған. Кейін олардың екеуі ерлі-зайыпты Мақсот Қарабалин мен Насипа Өтешқалиеваның мәйіттері үй ауласынан табылды. Ал олардың балалары Мейрамгүл Қарабалина мен Наурыз Мұқанғалиев әлі де іздеуде еді. Бұл іс бойынша отбасының күйеу баласы Сұлтан Сәрсемәлиев күдікті ретінде іздеуге жарияланған еді.
Последние новости