Айдос Үкібай Сара Назарбаеваның денсаулығы жайлы айтты

Айдос Үкібай Сара Назарбаеваның денсаулық жағдайы туралы мәлімдеді, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Тұңғыш Президенттің баспасөз хатшысы Айдос Үкібай соңғы кездері әлеуметтік желілерде тарап жатқан қауесеттерге байланысты Сара Алпысқызы Назарбаеваның денсаулығы туралы ресми түсініктеме берді.
Айдос Үкібайдың мәлімдеуінше, кейбір бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде Сара Назарбаеваның денсаулығына қатысты шындыққа жанаспайтын ақпараттар таратылуда. Осыған орай, ол нақты жағдайды хабарлауды жөн санаған.
«Соңғы уақытта кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде Сара Алпысқызы Назарбаеваның денсаулығы мен қазіргі жағдайына қатысты әртүрлі болжамдар мен шындыққа жанаспайтын ақпараттар таратылуда.
Осыған орай ресми түсініктеме беруді жөн деп санаймын: сәуір айынан бері Сара Алпысқызы Назарбаева Алматы қаласындағы Президент Іс басқармасының Медициналық орталығына қарасты Ұлттық госпитальде жоспарлы ем қабылдап келеді. Барлық медициналық шаралар бекітілген стандарттарға сай, отандық мамандардың бақылауымен жүзеге асырылуда», – делінген ресми хабарламада.
Еске сала кетейік, Сара Назарбаеваның денсаулығының қатты нашарлағаны, тіпті қайтыс болғаны туралы ақпараттар 2025 жылдың мамыр айында да белсенді тараған болатын. Ол кезде де ресми орындар бұл мәліметтерді тез арада жоққа шығарған еді.
Соңғы жаңалықтар





