Әйелдерді қорғауға жаңа жүйе қажет емес: Депутаттың ұсынысы
Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін «Электрондық қорғаныс аймағы» атты жаңа жобаны іске қосу ұсынылды. Бұл жүйе қауіп төнгенін ертерек анықтап, полицияның дер кезінде әрекет етуіне мүмкіндік беруі тиіс. Мұндай бастаманы Қуандық Бишімбаевтың сотында мемлекеттік айыптаушы ретінде елге танылған Құрылтай депутаты Айжан Аймағанова көтерді, деп хабарлайды Politico.kz.
Ол осы мәселеге байланысты ішкі істер министрі Ержан Сәденовке депутаттық сауал жолдады.
Аймағанованың айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алуға ерекше мән беріп, Үкіметке нақты шаралар қабылдауды тапсырған.
Соңғы жылдары Қазақстанда әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғауға бағытталған заңдар күшейтіліп, алдын алу шаралары кеңейтілді. Алайда қайғылы оқиғалар әлі де тоқтамай отыр.
Депутат бұған мысал ретінде соңғы айларда болған екі оқиғаны келтірді.
13 шілдеде Абай облысында 20 жастағы Дильназ Жұмағұлова қаза тапты. Ал 23 қыркүйекте Астанада екі баланың анасы Жазира Адауованың өлімі қоғамды дүр сілкіндірді.
Аймағанованың пікірінше, қазіргі қорғау жүйесі зорлық-зомбылық жасалғаннан кейін ғана әрекет етумен шектелмеуі керек. Ең маңыздысы – адамға қауіп төніп тұрғанын алдын ала анықтап, қайғылы жағдайдың болуына жол бермеу.
«Осы орайда қолданыстағы қорғау тетіктері зорлық-зомбылық болғаннан кейін ғана әрекет етпей, қауіпті алдын ала анықтап, оның жолын кесуге қаншалықты мүмкіндік береді деген маңызды сұрақ туындайды. Оған қажетті құқықтық та, цифрлық та мүмкіндіктер бізде бар», – деді депутат.
Жаңа жүйе қалай жұмыс істеуі керек?
Айжан Аймағанова тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін үш нақты ұсыныс жасады.
Біріншіден, Ішкі істер министрлігі еліміздің бірнеше өңірінде «Электрондық қорғаныс аймағы» пилоттық жобасын әзірлеп, сынақтан өткізуі керек.
Екіншіден, адамға қауіп төніп тұрғаны туралы белгі түскен жағдайда полиция қызметкерлерінің қандай әрекет жасауы керектігін анықтайтын бірыңғай міндетті тәртіп бекітілуі тиіс.
Үшіншіден, қауіп туралы әрбір хабарлама мен оған байланысты қабылданған шаралар электрондық жүйеде автоматты түрде тіркелуі қажет.
Осылайша, полицияға қауіп туралы хабарлама қашан түскенін, оған кім жауапты болғанын және қандай шара қабылданғанын бақылауға мүмкіндік туады.
Депутаттың айтуынша, мұндай жүйені енгізу үшін мемлекетке қымбат әрі жаңа ақпараттық жүйе жасаудың қажеті жоқ. Себебі Қазақстанда профилактикалық есепке алу және электрондық бақылау тетіктері қазірдің өзінде бар.
Ол осындай тәжірибе шетелдерде, соның ішінде Францияда қолданылатынын да жеткізді.
Аймағанова қолда бар цифрлық мүмкіндіктерді тиімді пайдалану арқылы зорлық-зомбылық қаупін ерте анықтап, адам өмірін сақтап қалуға болатынын айтты.
Абай облысындағы Дильназдың өлімі
Еске салайық, 13 шілдеде Абай облысының Бородулиха ауылында 20 жастағы Дильназ Жұмағұлованың денесі табылған болатын. Ол пышақ жарақатынан көз жұмған.
Тергеу және сот барысында қызды жанжал кезінде бұрынғы жігіті өлтіргені анықталды.
13 қазанда Семей қаласында өткен сотта ер адам 14 жылға бас бостандығынан айырылды.
Астанадағы екі баланың анасының өлімі
Тағы бір қайғылы оқиға 2026 жылғы 22 қыркүйек күні кешке Астанада болды.
Тұрғын үйдің жанында екі баланың анасы Жазира Адауова пышақ жарақатын алып, көз жұмды. Әйелді бұрынғы күйеуі өлтірген. Күдікті көп ұзамай ұсталды.
Бұл оқиғадан кейін полиция қызметкерлерінің әрекетіне қатысты да сұрақтар туындады. Қайғылы жағдайға байланысты тиісті шараларды дер кезінде қабылдамағаны үшін полицияның бірнеше басшысы мен қызметкері жұмыстан босатылып, бірқатары ұсталды.
Айжан Аймағанова осындай оқиғалардың алдын алу үшін полицияның қауіп туралы әр хабарламаға қалай әрекет еткенін қадағалайтын нақты жүйе болуы қажет деп есептейді.
Соңғы жаңалықтар