Әйелі мен баласы өртеп жіберген полицей ісі: Адвокаттар тың деректермен бөлісті

15.07.2026 15:41 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Әйелі мен баласы өртеп жіберген полицей ісі: Адвокаттар тың деректермен бөлісті
292
Коллаж Politico.kz

Алматы облысының тауларында мәйіті өртенген күйі табылған 37 жастағы полицей Аслан Әлсеровтің ісі бойынша үйқамаққа алынған жасөспірімдердің адвокаттары тың деректермен бөлісті. Бұл туралы олармен тілдескен Ulysmedia.kz хабарлайды, деп жазады Politico.kz.

Маусым айының 23-і күні болған оқиғадан кейін марқұмның жұбайы Арайлым Әлсерова күдікті ретінде қамауға алынып, оқиға орнында болған кәмелет жасына толмаған 3 жасөспірім үйқамаққа шығарылған болатын.

Тілшілер осы іске қатысты тергеліп жатқан жасөспірімдердің заңды өкілдерімен арнайы тілдесіп, оқиғаның мән-жайын сұрап білді. Қорғаушы Ғалым Нұрпейісовтің мәліметіне сүйенсек, оның қорғауындағы жасөспірім марқұмның ұлының досы болған және сол күні олардың үйіне плейстейшен ойнауға барған. Сонымен қатар адвокат полиция қызметкерлері жасөспірімнен алғаш жауап алған кезде оның жанында қорғаушысы болмағанын айтып отыр.

«Сараптама тағайындадық. Қазір онымен психолог маман жұмыс істеп жатыр. Қорытындысын алған кезде белгілі болады. Өйткені мына жерде тергеушілер кәмелетке толмаған балаларға қысым жасап, алдын ала келісім жасаған. Олар кәмелетке толмаған балалар. Ой жоқ. Олар білмейді, жоспарламайды. Ана жерде ерлі-зайыптылардың арасында жанжал болған. Балалар шокта болған. Қылмыстық кодексте бар нәрсе, «эксцесс соучастие» деген. Ол орысша айтқанда, «Не в то время, не в том месте» болған», – деді Ғалым Нұрпейісов.

Бұдан бөлек қорғаушы тиісті сараптама нәтижелері шыққаннан кейін іс бойынша жаңадан жауап алуға шағым түсіретінін жеткізді.

«Психолого-психиатриалық сараптаманың қорытындысын күтіп отырмыз. Сол қорытынды келген соң, біз жаңадан жауап алуға тырысамыз, өтініш береміз», – деді ол.

Ал өзге жасөспірімдердің адвокаты Гаухар Сарыева тергеу амалдарының жүріп жатуына байланысты толық ақпарат бере алмайтынын айтқанымен, әріптесі Ғалым Нұрпейісовтің сөзін толығымен қуаттап отыр.

Бұған дейін Politico.kz бұл қылмысқа қырынуға арналған ұстараның жоқтығы себеп болғанын жазған еді. Отбасылық жанжал кезінде марқұмды өз ұлы балтамен ұрып, ал әйелі жіппен қылғындырған. Одан кейін күдіктілер мәйітті кілемге орап, көліктің жүксалғышына салып таулы аймаққа апарып өртеп жіберген және осы оқиға кезінде қастарында қонаққа келген баланың досы болған. Бұл отбасы барлығы 7 кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеп отырған.

Войдите, чтобы оставить комментарий