Ресейдегі газ құбырында жарылыс болды: ҚР Энергетика министрлігі жағдайға қатысты түсініктеме берді

13.10.2026 • 22:19 Қанат АЙБАР
Ресейдегі газ құбырында жарылыс болды: ҚР Энергетика министрлігі жағдайға қатысты түсініктеме берді
64
Ашық дереккөздерден

Ресейдің Пенза облысында «Орталық Азия — Орталық» магистральды газ құбырының жер асты бөлігінде жарылыс орын алды. Салдарынан биіктігі 70–80 метрге жететін алау от пайда болған, деп хабарлайды Politico.kz.

Авария 13 қазан күні күндіз Волчково ауылының маңында болған. Қазіргі уақытта зақымдалған газ құбырының учаскесі жедел түрде жабылды, апат салдарынан зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ.

Ұзындығы 5 мың шақырымға жуықтайтын бұл магистральдық жүйені «Газпром» компаниясы басқарады. 2023 жылдан бастап аталған бағыт кері режимде жұмыс істеп, Ресей газын Қазақстан арқылы Өзбекстанға транзиттеуді және Қазақстанның батыс өңірлерін қамтамасыз етуді жүзеге асырып келеді.

Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің ресми өкілі Әсель Серікпаева Ресейдегі магистральды газ құбырындағы апат елімізге газ жеткізуге әсер етпегенін хабарлады.

— Ресей газын Қазақстан Республикасына жеткізу қолданыстағы келісімшарттар шеңберінде және өтінімдерге сәйкес штаттық режимде жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, Ресей газының Қазақстан аумағы арқылы Өзбекстан бағытындағы транзиті де жоспарланған көлемде орындалып жатыр. Қазақстанның газ тасымалдау жүйесінің жұмысында ешқандай ауытқулар тіркелген жоқ, — деп атап өтті министрлік өкілі.

Энергетика министрлігі бұл оқиға Қазақстандағы тұтынушыларды газбен қамтамасыз етуге ықпал етпейтінін және «Газпром» тарапынан жеткізу режимін өзгерту бойынша ешқандай сұраныс түспегенін жеткізді.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу
Войдите, чтобы оставить комментарий