Балтамен ұрып, байлап, өртеп жіберген: Алматыдағы полицейдің өліміне қатысты деректер шықты

24.06.2026 12:59 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Балтамен ұрып, байлап, өртеп жіберген: Алматыдағы полицейдің өліміне қатысты деректер шықты
654
Иллюстрация|Фото: Politico.kz/Абзал Бахытжанов

Алматы облысының Кеген ауданында өртелген күйде табылған 37 жастағы полиция қызметкері Аслан Альсеровтың өліміне оның жұбайы Арайлым Альсерова мен кәмелетке толмаған балалары күдікті ретінде ұсталған болатын, деп хабарлайды Politico.kz.

Біздің дереккөздің хабарлауынша, марқұм Аслан Альсеров 1988 жылы туған, Әуезов аудандық полиция басқармасының аға жедел уәкілі қызметін 2025 жылдың тамызынан бастап атқарған, ішкі істер органында 2007 жылдан бері. Оның жұбайы 1989 жылы туған Арайлым Альсерова да бұрын ішкі істер органдарында жұмыс істеп, 2026 жылдың ақпан айында өз еркімен қызметтен кеткен. Отбасында барлығы кәмелетке толмаған жеті бала тәрбиеленіп келген, оның екеуі асырап алынған.

Қайғылы оқиға 22 маусым түні Алматыдағы Бұқар Жырау көшесінде орналасқан пәтерде болған. Түнгі сағат 24:00 шамасында жұмыстан келген ер адам мен әйелінің арасында қырынуға арналған ұстараның жоқтығынан жанжал шыққан. Ұрыс үдей түскен кезде олардың 15 жастағы туған ұлы, 15 жастағы асырап алған баласы және сол күні қонақта болған олардың 14 жастағы досы араша түспек болады. Алайда ер адам сабасына түспей, түнгі сағат екілер шамасында жанжалды жалғастырған кезде туған ұлы асүйден балта әкеліп, әкесінің шүйдесінен ұрған.

Соққыдан есінен танып құлаған Альсеровтың қолы мен аяғын әйелі кір жаятын жіппен байлап, қылқындыра бастаған. Содан кейін жіптің екі ұшын екі ұлына беріп тартқызған. Ер адам жан тапсырғаннан кейін күдіктілер марқұмның басына қара пакет кигізіп, денесін көрпеге орап өздеріне тиесілі көліктің жүк салғышына салған. Олар сол түні Алматы облысының Кеген ауданына жол тартып, жол-жөнекей жанармай құю бекетінен 38 литр бензин сатып алған. Ертеңіне тасжол бойындағы таулы аймақта мәйітті өртеп жіберген. Күйіп кеткен денені 23 маусым күні мал іздеп жүрген жергілікті бақташы тауып алып, бірден полицияға хабар берген.

Тергеу барысында күдікті ретінде ұсталған марқұмның әйелі мен үш жасөспірім өз кінәларын толық мойындады. Олардың сөзіне қарағанда марқұм ұзақ уақыт бойы отбасы мүшелеріне физикалық және моральдық қысым көрсетіп, ұдайы қол көтеріп келген. Бұл жәйттер тәркіленген ұялы телефондардағы бейнежазбалармен расталғанымен, бұған дейін олар құқық қорғау органдарына ешқандай шағым түсірмеген.

Қазіргі таңда пәтерден қылмысқа қатысы бар деген балта, пышақтар және өзге де айғақ заттар табылып, іс «топ болып алдын ала сөз байласу арқылы ерекше қатыгездікпен адам өлтіру» бабы бойынша тергеліп жатыр.

Күдіктілер Талғар аудандық полициясының уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Войдите, чтобы оставить комментарий