Азаматтардың табыс деңгейінің артуы экономиканың өсу қарқынына сәйкес келмейді – Бектенов
Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өтіп жатқан үкіметтің кеңейтілген отырысында премьер-министр Олжас Бектенов халық табысының өсуін қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады, деп хабарлайды Politico.kz.
Бектеновтің баяндамасында азаматтардың табыс деңгейінің артуы экономиканың өсу қарқынына сәйкес келмейтіні атап өтілді.
Еңбекақының жалпы ішкі өнімдегі үлесінің көрсеткіші шамамен 31%-ды құрап отыр, бұл – Орталық Азия үшін жоғары көрсеткіш. Бірақ біздің мақсатымыз – әлемдік орташа көрсеткіш – 40%-ға және одан жоғары деңгейге жету.
Премьердің айтуынша, жалақының өсу қарқыны бизнес табысының, оның ішінде өз күшімен әрі мемлекеттік қолдау есебінен алынған табыс динамикасынан артта қалып отыр.
«Осыған орай Үкімет халықтың табысын арттыру үшін кешенді шараларды әзірлеуде. Оның аясында қаржылық, салықтық және басқа да ынталандыру шаралары көзделуде. Олар еңбекақыны көтеруге, лайықты жалақы төлейтін жұмыс орындарын көбейтуге, кәсіби дағдылар мен біліктілікті дамытуға, сондай-ақ азаматтар үшін қаржылық жүктемені азайтуға бағытталған», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Соңғы жаңалықтар