«Ажырасқан әйел ең сүйкімсіз әйел ме?»: Роза Әлқожа желіде эмоционалды жазба жариялады

30.07.2026 16:32 Мөлдір ҚАЙНАР
«Ажырасқан әйел ең сүйкімсіз әйел ме?»: Роза Әлқожа желіде эмоционалды жазба жариялады
262
Фото: Instagram/roza_alqozha

Танымал әнші Роза Әлқожа әлеуметтік желідегі парақшасында ажырасқан әйелдердің тағдыры мен отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесін көтеріп, көпшілікті ойға қалдырды, деп хабарлайды Politico.kz.

Өнер иесі қоғамның ажырасқан әйелдерді сынайтынына өкініш білдіріп, мұндай қадамға амалсыз баратындардың ішкі жан дүниесін ақтарды.

"Ажырасқан әйел ең сүйкімсіз әйел ме? Біз неге киімін, жүрісін, тұрысын әңгіме қыламыз? Ол ондай қадамға неге барды? Шын мәнінде қаншама жыл бірге тұрып жатқанымен, іштей ажырап кеткендер өте көп. Олар бала үшін, ағайын мен құда үшін өтірік рөлге енеді. Осы өтіріктің бәрі не үшін керек? Ертең ұлың я қызың сенің тағдырыңды қайталау үшін бе? Анасы сияқты өзін құрбан ететін қыз болады. Болмайтынды болмайды деп қабылдауды үйрену керек", – деп жазды әнші.

Сондай-ақ ол отбасын сақтап қалуға тырысқанымен, сатқындық пен әлімжеттікке тап болған әйелдердің ауыр халін сипаттады.

"Кейде әйелдің жартысының қаптаған көзге шөп салулары оны жалықтырады. Мұздай нәрсе көбейеді: суық құшақ, суық қабақ, суық үй! Ханшайымнан күңге айналды, жүкті жалғыз сүйреп шаршады. Қылқындыру, заттарды қирату, басын қабырғаға соғу... Ең үлкен азапты ең жақын адамынан көрді. Онсыз өзін жоғалтып бара жатыр еді, ауруы көбейіп, арманы таусылды. Өзін өзі қорғамаса, ешкім қорғамайтынын ұғынды", – деді Роза Әлқожа.

Войдите, чтобы оставить комментарий