"Ажырасу керек еді": Дәрігерді өлтірген күдіктіні жақтаған блогер дауға қалды
Жаңаөзенде дәрігерді өлтірді деген күдікке ілінген ер адамды жақтаған блогер Азамат Сәрсенбаевтың жазбасы желіде үлкен дау тудырып, оқырмандардың қатаң сынына ұшырады, деп хабарлайды Stan.kz.
Жаңаөзенде терапевт Нұрдәулет Аманғалиевтің өліміне қатысты сот отырысы басталды. Бұл процеске қатысқан блогер желідегі парақшасында оқиғаның мән-жайын түсіндіріп, айыпталушыға жанашырлық танытқан.
Оның сөзінше 14 жыл отасып 5 қыз тәрбиелеп отырған ер адам әйелінің көзіне шөп салып жүргенін білген. Жақсы жұмысы мен баспанасы бар азамат отбасын сақтап қалу үшін әйелінің көңілдесімен бірнеше рет кездесіп, бұл қатынасты тоқтатуды сұрапты. Жағдай ушыққаннан кейін ол Меккеге барып келіп, бүкіл отбасына Түркияға билет алған.
Алайда қайғылы оқиға болған күні ер адам өз көлігінен әйелінің іш киімі мен насыбай қорабын тауып алып, қатты күйзеліске түскен. Осыдан кейін ол пышақ алып әйелінің көңілдесі жұмыс істейтін жерге барып, оған бірнеше рет пышақ сұққаннан кейін өзі полицияға берілген.
«Осылайша, бір жағдайдың кесірінен екі адамның тағдыры күл-талқан болды, бірі қаза тапты, екіншісіне ұзақ жылға бас бостандығынан айырылу қаупі төніп тұр», – деп жазды блогер.
Бұл жазбаны оқыған желі қолданушылары ешқандай жағдай адам өлтіруді ақтай алмайтынын айтып, блогерді қатаң сынға алды. Олар заң бар екенін, көліктегі заттарды көрдім деп біреудің өмірін қиюға ешкімнің құқығы жоқ екенін жарыса жазды.
«Азамат, шынымды айтсам, мұны пікір жинап, белсенділікті арттыру үшін жаздыңыз деп үміттенемін. Ал егер шынымен осылай ойласаңыз бұл қорқынышты», – деп жазды бір оқырман.
«Сонда Меккеге барып келді деп адам өлтірді деп күдікке ілінген адамды ақтайсыз ба. Заң бар. Ажырассын. Көліктегі заттарды көрдім деп біреудің өмірін қиюға қандай құқығы бар», – деді екінші қолданушы.
«Бұл ақтау емес, Аза. Ажырасу керек еді. Жаңа өмір бастау керек еді. Біреуді өлтірудің еш мәні жоқ», – деп мәлімдеді тағы бір оқырман.
«Патриархалды қоғамда әйел өлтірілсе әйел кінәлі, ер адам көңілдесін өлтірсе тағы да әйел кінәлі. Қай жерде де әйел кінәлі болып шығады. Ал ер адам мінсіз, пәк адамның үлгісі сияқты», – деп жазған олар.
Еске сала кетейік 28 қаңтарда Маңғыстау облысында дәрігерді жұмыс орнында пышақтап кеткен болатын. Әріптестері оны аман алып қалу үшін бірнеше сағат бойы күрескенімен нәтиже болмады.
Полиция департаментінің мәліметінше бұл қылмысқа отбасындағы жанжал себеп болған. Оқиғадан кейін күдікті Жаңаөзен қалалық полиция басқармасына өзі барып, кінәсін мойындаған.
Соңғы жаңалықтар