Бағанашылдағы балалар үйінің тәрбиешілері қысымға шағымданды

Бағанашыл №1 балалар үйінің тәрбиешілері жұмыс орындарынан айырылу қаупі төніп тұрғанын айтып, дабыл қақты. Олардың сөзінше, ұжымнан өз еркімен жұмыстан кету туралы өтініш жазуды талап етіп жатыр. Бұл жайында олар заңгер Анна Черноваға жолдаған ашық хатында мәлімдеді.
– Қазір бізден өз еркіммен кету туралы арыз жазуды талап етіп отыр. Бұл балаларды қорғап жүрген, ыңғайсыз қызметкерлерден құтылудың амалы, – дейді ұжым мүшелері.
ORDA редакциясының тілшілері сөйлескен тәрбиеші Надежда Александровнаның айтуынша, кеше ғана елордадан Білім министрлігінің комиссиясы келген.
– Комиссия барлығы өз еркімен кету туралы арыз жазсын, кейін конкурс арқылы қайта қабылданасыңдар немесе қабылданбайсыңдар деді. Бұл сұмдық қой! Бізді жұмыстан шығарып, балаларды ақырындап таратып жібермек пе? Барлығы тыныш, мәдениетті өтсін деген жоспарлары бар сияқты. Бірақ біз бүгіннен бастап шу көтердік. Қазір комиссияның қайта келуін күтіп отырмыз, – дейді тәрбиеші.
Осыған дейін әкімдік балалар үйінің жабылмайтынын, тек Алматы қаласының қарамағына өтетінін хабарлаған. Сондай-ақ жөндеу жұмыстары кезінде балалар бөлінбейтінін айтқан болатын.
Алайда тәрбиешілер бұл процестің заңсыз екенін алға тартып отыр.
– Облыстан қалаға өткізу тәртібі Еңбек кодексін, Конституцияны және Педагог мәртебесі туралы заңды бұзады, – дейді олар.
Алдын ала болжам бойынша, қызметкерлерді жұмыстан шығарып, кейін жаңа мекеме ретінде қайта қабылдау жоспарланған. Бірақ ол үшін олар конкурс арқылы іріктеуден өтуі тиіс.
Айта кетейік, Бағанашылдағы балалар үйінің тәрбиеленушілері жергілікті билікке бейнеүндеу жолдағаны жайлы айтқан болатынбыз.
Соңғы жаңалықтар





