«Бала ұзақ өмір сүрмейді деген»: Рүстем Жаныаманов ұлының ауыр дертімен қалай күресті?

02.06.2026 11:20 Мөлдір ҚАЙНАР
«Бала ұзақ өмір сүрмейді деген»: Рүстем Жаныаманов ұлының ауыр дертімен қалай күресті?
574
Фото: видеодан скриншот

Танымал актер Рүстем Жаныаманов пен жары, актриса Жанаргүл Жаныаманова бұған дейін ұлдарының ауыр дертке шалдыққанын айтып, отбасының бастан өткерген қиын кезеңдері туралы сыр бөліскен еді, деп хабарлайды Politico.kz.

Ерлі-зайыптылардың айтуынша, тұңғыш ұлы Нұрмұхаммед кішкентай кезінде екпе алғаннан кейін тромбоцитопения диагнозын алған. Дәрігерлер бұл дерттің жазылуы қиын екенін айтып, баланың ұзақ өмір сүрмеуі мүмкін екенін ескерткен.

«Бізге тромбоцитопения жазылмайтын ауру, бала ұзақ өмір сүрмейді деді. Әлемде мұндай дертке шалдыққандардың аз ғана бөлігі аман қалады екен. Баламыз гормондық ем алды. Үнемі ем іздеп, дәрігерлерге қаралдық. Кейін медицина да көмектесе алмайтынын түсіндім. Сонда ішкі дауыс "Құдай ғана көмектесе алады" дегендей болды», – деген еді Жанаргүл Жаныаманова.

Актрисаның сөзінше, баласының дерті бүкіл отбасы үшін үлкен сынаққа айналған. Олар түрлі ем қабылдап, қасиетті жерлерге барып, мамандардың көмегіне жүгінген.

«Рүстем екеуміз баламыздың жазылып кетуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасадық. Көп нәрсені зерттедік, өзімізді өзгерттік, Құдаймен сырластық. Қайсысы көмектескенін нақты айта алмаймын. Бірақ бұл сынақ бізді көп нәрсеге үйретті», – деп бөліскен болатын актриса.

Жанаргүл Жаныаманова сол кезеңде қатты күйзеліске түскенін де жасырмаған. Оның айтуынша, ұлының сырқаты өзіне психологиялық тұрғыдан ауыр әсер еткен.

«Кейде өзімді кінәладым. Тіпті сахнадан кетуім керек шығар деп ойлаған кездерім болды. Бірақ Рүстем әрқашан жанымнан табылып, қолдау көрсетті», – деген еді ол.

Айта кетейік, кеше актер Рүстем Жаныамановтың тұңғыш ұлы Нұрмұхаммедтің өмірден өткені белгілі болды.

Войдите, чтобы оставить комментарий