«Балам үшін митингке де шығамын»: Шерзат ісі бойынша сотталған баланың ата-анасы

Шерзат ісі бойынша 7 жылға бас бостандығынан айырылған Дидар Қалиахметтің ата-анасы әділдік талап ететінін айтты, деп хабарлайды POLITICO.KZ Skifnews.kz ақпарат порталына сілтеме жасап.
Дидар Қалиахметтің анасы соттың әділ өтпегенін айтады. Оның айтуынша, сот шешіміне халықтың наразылығы әсер еткен.
«Менің айтқым келетіні сот әділ өткен жоқ. Халықтың шулағанымен үкім шықты. Бұл жерде үкімет үкім шығарған жоқ, үкімді халық шығарды. Бізден 5 миллион теңге өтемақы талап етіп отыр. Мен оған да келіспеймін. Себебі, менің балам ұрған жоқ, соққан жоқ және қару қолданған жоқ. Бейнематериалдарда да дәлелденген жоқ. Не себепті мен 5 миллион теңге өтемақы төлеу керекпін?», — дейді Дидар Қалиахметтің анасы.
Сондай-ақ, әділдік іздеймін деген ана ұлын ақтау үшін митингке шығудан да тайынбайтынын айтты.
«Халқымыз дұрыс жағынан түсінсе екен. Неше түрлі қылып айтып, жазып жатыр. Баламыз үшін шыдаймыз. Соңына дейін барамыз. Соттың шешімін күтеміз, дұрыс шешім шығады деген үміттеміз. Дұрыс шешім шықпаса, ары қарай тағы да қудалаймыз. Жан айқайымызды президент естісе екен, әділдік орнатса екен дейміз. Аппелциялық соттан үміттеніп отырмыз. Оң шешім шығармаса, мен балам үшін көтеріліске де шығамын. Әкімдікке бейбіт митингке шығуға рұқсатнамаға да жазамыз. Оны да ойластырып жатырмыз», — дейді олар.
Бұл мәлімдемеге желі қолданушылары түрлі пікір жазуда.
«Халық айтса, қалып айтпайды. Демек, дұрыс шешім болды», «Анасы дұрыс айтып отыр. Екі қызды да жауапқа алу керек», «Шындыққа тура қарайтын болсақ, 7 жыл емес, 15 жыл беру керек еді», — деп жазды олар.
Соңғы жаңалықтар





