Алматыда бес адамның өмірін қиған өртке әйелдің қызғанышы себеп болған ба?

Алматыда бес адамның өмірін қиған өртке әйелдің қызғанышы себеп болған ба?
Фото: ЖИ көмегімен жасалған

Алматыда 26 қарашаға қараған түні жеке тұрғын үй өртеніп, салдарынан бес адам, оның ішінде тоғыз жасар қыз бала қаза тапты. Алдын ала болжам бойынша, қайғылы оқиғаға қасақана өрт қою себеп болған. Бұл туралы журналист Михаил Козачков өзінің Telegram-арнасында жазды, деп хабарлайды Politico.kz.

Журналистің мәліметінше, оқиға Вахтангов көшесіндегі 8 бөлмелі үлкен жеке үйде болған. Онда үй иелері – әкесі мен баласы және ай сайын пәтер жалдап тұратын бірнеше отбасы, яғни іс жүзінде коммуналдық пәтер ретінде өмір сүрген.

Өрт түнгі сағат 03:30 шамасында тұтанған. Бірнеше минуттан кейін ұйықтап жатқан тұрғындар өрттің дыбысын естіген. Дереккөздің айтуынша, ең алдымен үй иелері оянып, далаға жүгіріп шығып, өзге тұрғындарды оята бастаған.

Өрт сөндірушілер шақыртуға жедел жетіп, жалынды бір сағат ішінде толық сөндірген. Алайда үйден бес адам сыртқа шығып үлгермей, көз жұмды:

  • Өзбекстанның екі азаматы;
  • 64 жастағы әйел мен оның 41 жастағы қызы;
  • Анасы және әпкесімен бірге бір бөлмеде тұрған 2017 жылы туған қыз бала.

Өртке не себеп болды?

Құқық қорғау органдары қайғылы оқиғаның себебін анықтап жатыр. Алдын ала деректер бойынша, өрт ошағы ғимараттың ішінде болған және арнайы құрылғы ол жерде бензин жанғанын көрсеткен.

Сонымен қатар бейнебақылау камералары өрт басталардан бірнеше минут бұрын үйге қара күртеше мен сұр бас киім киген әйелдің кіргенін тіркеп алған. Ол іште небәрі екі минуттай болып, шығып кеткен бойда ғимараттан қою түтін будақтай бастаған.

«Дереккөзімнің мәліметінше, әйелдің кім екені анықталды. Қазір тергеу оның бұрын осы үйде тұратын ер адамдардың бірімен қарым-қатынаста болған нұсқасын тексеріп жатыр. Қылмыстың ықтимал себебі кек алу немесе қызғаныш болуы мүмкін», – деп жазды Михаил Козачков.

Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 292-бабы 3-бөлігі («Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу») бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бұл бап бойынша 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Айта кетейік, Алматыда жеке тұрғын үйде өрт болып, 5 адамның мәйіті табылған еді. Полиция осы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғады.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу