Балқаш мысына – 88 жыл: алғашқы балқымадан заманауи өндіріске дейін

Балқаш мысына – 88 жыл: алғашқы балқымадан заманауи өндіріске дейін
Фото: «Қазақмыс» корпорациясы

Осыдан 88 жыл бұрын, 1938 жылғы 24 қарашада Балқаш мыс балқыту зауытында алғашқы тазартылмаған мыс алынды. Бұл оқиға Қазақстан металлургиясының тарихындағы маңызды кезеңге айналып, елдегі ірі металлургиялық кәсіпорындардың дамуына жол ашты, деп хабарлайды Politico.kz.

Содан бері зауыт бір ғана шағылыстырғыш пештен бастап, өндіріс үдерісі автоматтандырылған заманауи металлургиялық кешенге дейінгі даму жолынан өтті. Бүгінде «Қазақмыс» корпорациясы кәсіпорынды жаңғыртуды жалғастырып жатыр. 2026 жылы осы мақсатқа 21,8 млрд теңге қарастырылған.

Алғашқы балқымадан заманауи өндіріске дейін

1938 жылы зауытта бір шағылыстырғыш пеш пен бір конвертер жұмыс істеген. Мысты балқыту кезінде алынатын аралық өнімнің, яғни штейннің құрамындағы мыс мөлшері 18–22% болған. Штейнді конвертерде өңдеу тоғыз сағатқа дейін созылып, алынған металдың құрамындағы мыс мөлшері шамамен 96%-ға жеткен.

Қазір зауыттың мыс балқыту цехында әрқайсының сыйымдылығы 80 тонна болатын бес конвертер, екі Ванюков пеші және сыйымдылығы 250 тоннадан болатын үш анод пеші жұмыс істейді.

Технологияның жетілуі нәтижесінде штейн құрамындағы мыстың орташа мөлшері 55%-ға дейін артты. Ал оны конвертерде өңдеу уақыты 5–6 сағатқа дейін қысқарды.

Бүгінде мыс өндіру үдерісі шихтаны, яғни балқытуға қажетті шикізат қоспасын дайындаудан басталады. Дайын қоспа Ванюков пештеріне салынып, 1200–1300 градус температурада балқытылады. Нәтижесінде штейн алынады. Одан кейін штейн тазартылмаған мыс алу үшін конвертерлерге жіберіледі.

Келесі кезеңде мыс анод пештерінде жоғары температурада қоспалардан тазартылады. Тазартылған металл құрамындағы мыс мөлшері 99,6% болатын анодтарға құйылады. Дайын анодтар одан әрі тазартылып, катодты мыс алу үшін электролиз цехына жөнелтіледі.

Зауытты жаңғыртуға 21,8 млрд теңге қарастырылған

Балқаш мыс балқыту зауытын дамытудың негізгі бағыттарының бірі – өндірістік қуаттарды жаңарту және жабдықтардың сенімділігін арттыру.

2026 жылы «Қазақмыс» корпорациясы кәсіпорында жалпы құны 21,8 млрд теңге болатын жаңғырту бағдарламасын жүзеге асырып жатыр. Бағдарлама металлургиялық агрегаттарды күрделі жөндеуді, өндірістік инфрақұрылымды жаңартуды және мыс өндіру технологиясын жетілдіруді қамтиды.

Бағдарлама аясында №1 Ванюков пеші 5 млрд теңгеден астам қаражатқа күрделі жөндеуден өтті. Ал 2027 жылы №2 Ванюков пешін күрделі жөндеу жоспарланған. Бұл жұмысқа 5,4 млрд теңгеден астам инвестиция салу көзделіп отыр.

Сонымен қатар анод пештері, конвертерлер мен күкірт қышқылы цехының жабдықтары жаңартылып жатыр.

Заманауи технологиялар және өндірісті автоматтандыру

Кәсіпорында жабдықтарды жаңартумен қатар өндірісті басқару жүйелері де жетілдіріліп келеді.

2012 жылдан бері зауытта конвертерлерді бұруды автоматты түрде басқару жүйесі енгізіліп жатыр. Бұл технология қолмен атқарылатын жұмыстарды азайтуға мүмкіндік береді. Ал 2026 жылы №3 анод пешіне мазутпен жылыту құрылғысы орнатылды.

Өндірісті автоматтандырудың тағы бір бағыты – конвертерлеу учаскесіне оптикалық газ талдағыш орнату. Бұл құрылғының көмегімен балқыту барысын автоматты түрде бақылау, қож бен мыстың дайындық деңгейін анықтау және өндіріске қажетті кен мөлшерін дәлірек есептеу көзделген.

Аталған технологияны енгізу өндірістік көрсеткіштерді дәлірек бақылауға және балқыту үдерісінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

88 жылдық металлургиялық дәстүр

Балқаш мыс балқыту зауыты бүгінде Қазақстанның металлургия саласындағы негізгі кәсіпорындардың бірі саналады.

Зауыттың жобалық қуаты жылына 220 мың тонна катодты мыс, 1,1 млн тонна күкірт қышқылын, 10 тонна алтын және 400 тонна күміс өндіруге есептелген.

Кәсіпорынның 88 жылдық тарихының артында бірнеше буын металлургтің, инженерлер мен өндіріс мамандарының еңбегі жатыр. Олар Қазақстанның металлургия өнеркәсібінің қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосты.

Бүгінде «Қазақмыс» корпорациясы ұрпақ сабақтастығын және жылдар бойы жинақталған өндірістік тәжірибені сақтай отырып, зауытты дамытуға, жабдықтарды жаңартуға және заманауи технологияларды енгізуге инвестиция салуды жалғастырып келеді. Бұл кәсіпорынның алдағы уақытта да тұрақты жұмыс істеуіне және өндірістік әлеуетін арттыруға негіз болмақ.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу