Ерсайын Нағаспаев ҚТЖ басшысы болды
Бүгін ғана өнеркәсіп және құрылыс министрі қызметінен босатылған Ерсайын Нағаспаев бұрын өзі жұмыс істеген «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясына басшы болып оралды, деп хабарлайды Politico.kz.
«Самұрық-Қазына» АҚ Басқармасының шешімімен Нағаспаев Ерсайын Қайырғазыұлы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы қызметіне тағайындалды», – делінген қордың хабарламасында.
Нағаспаев Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін «Халықаралық экономикалық қатынастар» мамандығы бойынша бітірген.
2021–2025 жылдары «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басқарушы директоры болған. 2025 жылғы 28 ақпаннан бастап өнеркәсіп және құрылыс министрі қызметін атқарды.
Әр жылдары Инвестициялар комитетінде, Сыртқы істер министрлігінде және Қазақстанның Ресейдегі елшілігінде жұмыс істеген. Көлік және коммуникация министрлігі мен Ақтау халықаралық теңіз сауда портында басшылық қызметтер атқарған.
Сондай-ақ Шахтинск қаласының әкімі, Астана әкімінің орынбасары және «Астана» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқарма төрағасы болған.
Еске салайық, Ерсайын Нағаспаев 11 қарашада сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікпен ұсталған ҚТЖ-ның бұрынғы басшысы Елжас Отыншиевтің орнына келді.
Соңғы жаңалықтар