Колумбияда мыңдаған көрермен Димаш Құдайбергеннің «Ұмытылмас күн» әнін қазақ тілінде шырқады

Колумбияда мыңдаған көрермен Димаш Құдайбергеннің «Ұмытылмас күн» әнін қазақ тілінде шырқады
Фото: видеодан скриншот

Қазақстанның халық әртісі, әлемге әйгілі әнші Димаш Құдайберген Колумбия астанасы Боготада өткен ауқымды концертінен бейнежазба жариялады. Видеодан мыңдаған жергілікті көрерменнің «Ұмытылмас күн» әнін қазақ тілінде қосыла орындағанын көруге болады, деп хабарлайды Politico.kz.

32 жастағы өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында өзін ерекше ықыласпен қарсы алған Колумбия халқына алғысын білдіріп, Латын Америкасындағы турының әрі қарай жалғасатынын жеткізді:

«Рақмет, Колумбия! Бұл шынымен де ұмытылмас күн болды. Барлығыңызды жақсы көремін. 10 сағаттан кейін Чилиде кездескенше!», — деп жазды Димаш Құдайберген.

Бұл жазба желі қолданушыларының қызу талқысы мен жылы лебізіне ие болды. Қазақстандық оқырмандар мұхиттың арғы жағындағы мыңдаған шетелдіктің қазақша ән шырқауын тарихи сәтке балап, әншінің ана тілімізді әлемге танытуға қосқан еңбегін ерекше атап өтті.

«Бұл керемет хор мен кемеңгер әншінің үйлесімі болды», «Димаш, саған рақмет! Енді әлемнің қай бұрышына барсақ та, қазақша сөйлей алатын сияқтымыз», «Тарихи оқиға! Сен нағыз қаһармансың!», — деп пікір қалдырды отандастарымыз.

Шетелдік тыңдармандар да әншінің өнеріне тәнті болып, оның келуін ұзақ күткендерін жазды:

«Колумбия сені жүрегіне қабылдады, Димаш! Енді сен сол жүректе мәңгі қаласың. Концерт ғажап өтті, көрермендер сені ерекше ықыласпен қолдады», — деп бөлісті жанкүйерлерінің бірі.

Айта кетейік, бұған дейін Димаш Құдайберген Мексиканың бірнеше қаласында жеке концертін берген болатын. Атап айтқанда, Гвадалахарада жергілікті музыканттар «Ұмытылмас күн» туындысын мексикалық дәстүрлі марьячи стилінде орындап, әншіге құрмет көрсеткен еді. Енді өнер иесінің гастрольдік сапары Чили мен Перу елдерінде жалғасады.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу