«Бар ақшамыз еді»: Air Astana жолаушысы ұшақ бортында 3400 доллар ұрланғанын мәлімдеді

17.09.2026 18:09 Қарақат АСЫЛОВА
«Бар ақшамыз еді»: Air Astana жолаушысы ұшақ бортында 3400 доллар ұрланғанын мәлімдеді
276
Видеодан кадр

Air Astana әуе компаниясының жолаушысы Алматыдан Вьетнамның Дананг қаласына ұшқаннан кейін қол жүгінде болған 3400 доллары жоғалып кеткенін мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Анна Магнели Тбилисиден Алматы арқылы Данангқа барған. Оның айтуынша, отбасына тиесілі 3400 АҚШ доллары қол жүгінің ішіндегі конвертте болған. Алайда Вьетнамға жетіп, қонақүйге орналасқаннан кейін ақшаның жоғалғанын байқаған.

Әйелдің сөзінше, конверттің ішінде доллардың орнына Малавидің бір долларлық банкноттары салынған болып шыққан.

Ол оқиға туралы әлеуметтік желідегі парақшасында айтып, жоғалған қаражат отбасының Вьетнамға қоныс аудару үшін алып келген негізгі қаржысы болғанын жеткізді.

«Бізде қалған ақша жоқтың қасы. Алматы – Дананг рейсімен ұшып келгеннен кейін 3400 долларымыздың жоғалғанын анықтадық. Бұл Тбилисиден Вьетнамға қоныс аудару үшін алып келген қаражатымыздың басым бөлігі еді», – деді жолаушы.

Анна Магнели болған жағдайға байланысты Air Astana өкілдеріне, әуежайдың қауіпсіздік қызметіне және Дананг полициясына жүгінгенін айтты. Сонымен қатар, сол рейспен ұшқан кейбір жолаушылар оқиғаға қатысты болжамды күдіктінің сыртқы келбетін сипаттап бере алғанын мәлімдеді.

Алайда әйелдің айтуынша, Вьетнам полициясы арызды аудармашысыз қабылдай алмай отырған. Осыған байланысты ол Данангта тұратын орыс-вьетнам тілдеріне аударма жасай алатын адамдардан көмек сұрады.

Air Astana компаниясы жолаушыға қатысты жағдайға байланысты өкініш білдіріп, оқиғаны тергеу құқық қорғау органдарының құзыретіне кіретінін түсіндірді.

Әуе компаниясының мәліметінше, қылмысқа қатысы бар адамдарды анықтау, кінәлілерді жауапкершілікке тарту және келтірілген шығынды өтеу мәселесі бойынша жолаушы құқық қорғау органдарына ресми түрде арыздануы қажет.

Компания сондай-ақ қылмыс Қазақстан аумағынан тыс жерде жасалған жағдайда немесе оның нақты қай жерде болғанын анықтау мүмкін болмаған кезде, істің тергеу аяқталған жердегі сотта қаралуы мүмкін екенін хабарлады.

Войдите, чтобы оставить комментарий