"Бәрі қарап тұрған". Жұмыс орнында қаза тапқан дәрігердің анасы шындықты айтты

30.01.2026 14:10 Мөлдір Талғат Мөлдір Талғат
243
Фото: коллаж Stan.kz

Жаңаөзен қаласындағы ауруханада 29 жастағы дәрігер Нұрдәулет Аманғалиевке белгісіз ер адам пышақпен шабуыл жасап, жас маман алған ауыр жарақатынан оқиға орнында көз жұмғанын жазған едік. Қайғылы оқиға қалалық көпбейінді ауруханасының дәлізінде болған, деп хабарлайды Politico.kz.

Куәгерлердің айтуынша, емдеу мекемесіне кіріп келген ер адам терапевтке аяқ астынан тап беріп, бірнеше рет пышақ сұққан. Әріптестері араша түсуге тырысқанымен, күдікті дәрігерге ауыр жарақат салып үлгерген.
Марқұмның анасы ұлының денесіне 21 жерден пышақ жарақаты салынғанын айтып, қылмыстың аса қатыгездікпен жасалғанына күйінді.

«21 жерден пышақтаған. Мұны адам жауына да жасамайтын шығар. Сонша адам отырып, ешкім тоқтатпағаны қалай?» – деді ол.

Жақындарының айтуынша, қылмыс дәрігердің кәсіби қызметіне байланысты емес. Алдын ала болжам бойынша, күдіктіні қызғаныш итермелеген. Оның жұбайы осы ауруханада медбике болып жұмыс істеген. Қара жамылған отбасы қылмыскерге кешірім бермейтінін мәлімдеді.

Нұрдәулет Аманғалиев Марат Оспанов атындағы университетте 9 жыл білім алып, бір жыл бұрын Жаңаөзен қаласына жұмысқа орналасқан. Артында екі баласы қалды. Әріптестері оны жауапты, болашағынан үлкен үміт күттірген жас маман ретінде сипаттайды.

Аталған дерек бойынша полиция «Адам өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Күдікті өз еркімен полицияға беріліп, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жалғасып жатыр.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий