Бас прокуратура растады: Рудный қаласының прокуроры ұсталды

Бас прокуратура растады: Рудный қаласының прокуроры ұсталды
29.09.2025 00:30
0
399
ФотоКоллаж: POLITICO.KZ(Фото: Михаил Козачков)

Рудный қаласының прокуроры қылмыс жасады деген күдікпен ұсталды, деп хабарлайды POLITICO.KZ порталы.

Бүгін, 28 қыркүйекте Рудный қаласының прокуроры Успанов Мұрат Теміртасұлы ұсталды. Бас прокуратураның хабарлауынша, прокурорды ұстау операциясы 28 қыркүйекте жүргізілген. Бұл іс-шараға Қостанай облыстық прокуратурасы мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің қызметкерлері қатысқан.

Бас прокуратураның баспасөз қызметі оның қылмыстық құқықбұзушылық жасады деген күдікпен ұсталғанын растады, бірақ басқа ақпаратты жария етпеді.

Алғашқы деректер бойынша, 47 жасқа толатын прокурорды ҰҚКД қызметкерлері облыстық прокуратураның ішкі қауіпсіздік қызметінің көмегімен ұстаған. Прокурорды ұстау операциясы күндіз Қостанай қаласының 9-шағын ауданында, «Азия» дүкенінің жанында болған. Бұл операцияға арнайы жасақ күштері де жұмылдырылған.

Алдын ала тараған, бірақ ресми расталмаған ақпаратқа сәйкес, прокурор пара алды деп күдікке ілінуде. Нақтырақ айтқанда, ол 20 миллион теңге көлемінде пара алып жатқан жерінде ұсталған деген дерек тарауда.

Успанов Мұрат Теміртасұлы 1978 жылы туған, Торғай облысы Октябрь ауданының тумасы, прокуратурадағы еңбек жолын 2005 жылы Наурызым ауданы прокурорының көмекшісі міндетін атқарушы болып бастаған.

Прокуратура органдарында, оның ішінде басшылық қызметтерді атқарды: Қостанай облысы прокуратурасының қылмыстық процестің сотқа дейінгі сатысының заңдылығын қадағалау басқармасы бастығының орынбасары (2014-2015), Лисаковск қаласы прокурорының орынбасары (2016-2017), Қостанай қаласы прокурорының орынбасары (2017-2018), Амангелді ауданының прокуроры (2018-2019), Арқалық қаласының прокуроры (2019-2024).  Жұмыс өтілі - 20 жыл.

Қазіргі уақытта қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий