«Бастапқыда тізімде бар-жоғын білмедік»: Каспийдегі апаттан аман қалған матростың әкесі оқиға жайлы айтып берді

30.09.2026 • 10:43 Мөлдір ҚАЙНАР
«Бастапқыда тізімде бар-жоғын білмедік»: Каспийдегі апаттан аман қалған матростың әкесі оқиға жайлы айтып берді
339
Фото: видеодан скриншот

Маңғыстау облысында өткен әскери оқу-жаттығу кезінде 14 бірдей сарбаз мерт болып, тек үш әскери қызметші аман қалған қайғылы оқиғаға қатысты тың деректер белгілі болды, деп хабарлайды  Politico.kz.

Аман қалған жауынгерлердің бірі — 29011 әскери бөлімінің матросы Ақжол Темірхан. Оның әкесі Тимур Қыдырниязов қаралы хабарды жұмыста жүргенде ғаламтор арқылы естігенін, алғашқы сәтте ұлының жағдайынан мүлдем бейхабар болғанын жеткізді.

«Жұмыста отырғанда интернеттен көрдім. Әйеліме хабарласып, мән-жайды білу үшін дереу Ақтауға баруын сұрадым. Ұлымыздың сол жерде болған-болмағанын да нақты білмедік, себебі бастапқыда ешкімнің аты-жөні жарияланбады. Тек кейінірек баламның жансақтау бөлімінде жатқанын естідім», – дейді сарбаздың әкесі.

Сондай-ақ ол оқиғаның толық мән-жайы беймәлім болғандықтан, әзірге ешкімге кінә арта алмайтынын айтып, қаза тапқан марқұм сарбаздардың қаралы отбасыларына қайғырып көңіл айтты.

Аталған қайғылы оқиғадан кейін құзырлы органдар дереу қылмыстық іс қозғап, кешенді тергеу бастады. Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтің хабарлауынша, іс Қылмыстық кодекстің 453-бабы 2-бөлігі («Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау») және 465-бабы («Кеме жүргізу қағидаларын бұзу») бойынша тергеліп жатыр.

Войдите, чтобы оставить комментарий