Жаңаөзеннің бұрынғы әкімі облыс әкімі аппаратына басшы болды
Еңбек жолын мұнай өндірісінде бастап, кейін Түпқараған ауданы мен Жаңаөзен қаласын басқарған Айбек Қосуақов енді Маңғыстау облысы әкімі аппаратына жетекшілік етеді, деп хабарлайды Politico.kz.
«ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша, облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың өкімімен Айбек Қосуақов Маңғыстау облысы әкімі аппаратының басшысы болып тағайындалды», — деп хабарлады облыс әкімдігі.
Бұған дейін аппаратты Мәлік Сейілханұлы Әбдіқадыров басқарған. Ол бұл қызметке 2024 жылғы 17 шілдеде тағайындалған еді.
Айбек Қосуақов кім?
Айбек Қосуақұлы Қосуақов 1975 жылғы 15 қазанда Маңғыстау ауданының Ұштаған ауылында туған. 1997 жылы Ш. Есенов атындағы Ақтау университетін «Мұнай және газ ұңғымаларын бұрғылау», ал 2013 жылы Д. А. Қонаев атындағы көлік және құқық гуманитарлық университетін «Экономика» мамандығы бойынша бітірген.
Алғашқы жұмыс орны – «Қаражанбасмұнай» АҚ. Мұнда ол 1997 жылы мұнай және газ өндіру цехындағы тұзсыздандыру және құрғату қондырғысының операторы болып еңбекке араласқан. 2001 жылы осы кәсіпорынның ұңғымаларды терең зерттеу зертханасында ұңғымаларды зерттеу жөніндегі оператор қызметін атқарған.
Кейін өндірістен басқару жұмысына ауысқан. 2005–2006 жылдары «Жазық» АҚ-ның әлеуметтік даму жөніндегі атқарушы директоры, 2007–2020 жылдары «Таушық ауыл шаруашылығы» ЖШС алқалы атқарушы органының төрағасы болған.
2020–2022 жылдары Түпқараған ауданын, 2022–2024 жылдары Жаңаөзен қаласын басқарған. Ал 2024 жылғы 22 сәуірден осы тағайындауға дейін «КаспийТрансКом» ЖШС директорының кеңесшісі қызметін атқарып келген.
Каспийдегі қайғылы жағдай
Айта кетейік, Маңғыстауда кейінгі уақытта бірнеше басшы ауысты. Ербол Ізбергенов облыс әкімінің бірінші орынбасары, Бекбол Орынбасаров облыс әкімінің орынбасары болып тағайындалды. Жаңаөзен қаласының әкімі қызметіне Сымбат Төретаев, Ақтау қаласының әкімі қызметіне Мақсат Мұқаш, Қарақия ауданының әкімі қызметіне Жансейт Қайнарбаев келді.
Бұл тағайындаулар өңірдегі қайғылы оқиғадан кейін жасалды. 24 қыркүйекте Маңғыстау облысындағы оқу-жаттығу кезінде бір топ әскери қызметшіні Каспий теңізіне алып кетіп, 14 адамның қаза тапқаны белгілі болған еді.
Соңғы жаңалықтар