Батыс Қазақстанда автосалонда лифт құлап, бірнеше әйел ауыр жарақат алды

06.05.2026 16:52 Әсел Мұрат
Батыс Қазақстанда автосалонда лифт құлап, бірнеше әйел ауыр жарақат алды
758
Фото: ашық дереккөз

Батыс Қазақстан облысында «Aster Automobili» ЖШС ғимаратында болған жазатайым оқиғаға байланысты тергеу жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Politico.kz. 

«Уральская неделя» басылымының жазуынша, 16 сәуір күні лифттің арқаны үзіліп, ішінде төрт әйел қызметкер болған кабина бірінші қабаттан жертөле қабатына құлаған. Соның салдарынан олар ауыр жарақат алған.

Олардың қол-аяқ және омыртқа сүйектерінің сынған.

Еңбек инспекциясы жөніндегі мемлекеттік комитетінің өңірлік департаменті басшысының орынбасары Арман Түйгінбетов аталған дерек бойынша тексеру жүріп жатқанын мәлімдеді.
Зардап шеккен қызметкерлердің мүддесін қорғайтын заңгер Ілияс Сәрсенғалиев лифттің техникалық жай-күйіне қатысты алдын ала деректер күмән тудыратынын айтты.

Оның сөзінше, лифт еш жерде тіркелмеген, оған тиісті қызмет көрсетілмеген әрі құжаттары да жоқ.

«Зардап шеккен әйелдер ауруханадан шықты, қазір үй жағдайында ем қабылдап жатыр. Омыртқасы зақымданғандары төсекте жатыр, өздігінен жүре алмайды. Ем-домды өз қаражатына алып жатыр, жұмыс беруші тарапынан ешқандай өтемақы төленбеген. Біз еңбек инспекциясы жүргізіп жатқан тексерудің нәтижесін күтіп отырмыз. Әйелдерге денсаулығына келтірілген зиян үшін өтемақы және заңға сәйкес барлық төлемдер берілуі тиіс», — деді заңгер.

Ашық дереккөздерге сүйенсек, «Aster Automobili» ЖШС-нің иесі — алматылық Алексей Бакал. Оның атына 17 компания тіркелген, олардың басым бөлігі автокөлік сатумен айналысады.
Жыл басынан бері Батыс Қазақстан облысында жұмыс орындарында 23 адам ауыр жарақат алған. Тағы екі адам биіктіктен құлап мерт болған.
 

Войдите, чтобы оставить комментарий