Ресей агрессиясына Батысты кінәлау үшін Путин жақтастары қолданатын үш сөз

Ресей президенті Владимир Путин мен оның жақтастары НАТО-ның шығысқа қарай кеңеюіне қатысты тарихи деректерді бұрмалап отыр, деп хабарлайды POLITICO.KZ MSNBC арнасына сілтеме жасап.
Лондон экономика және саяси ғылымдар мектебінің (LSE) профессоры Кристина Шпор MSNBC басылымындағы мақаласында НАТО-ның кеңеюі туралы кең тараған жалған тұжырымдарды талдап, олардың негізсіз екенін дәлелдеді.
Кристина Шпордың айтуынша, Путин мен оның жақтастары АҚШ-тың бұрынғы мемлекеттік хатшысы Джеймс Бейкердің 1990 жылы айтқан «шығысқа қарай бір қадам емес» ("ни на дюйм на восток") деген сөзін бұрмалап, НАТО-ның шығысқа қарай кеңеюіне жол берілмейді деп қабылдаған. Шындығында бұл сөздер Германияны біріктіру туралы келіссөздер кезінде тек дипломатиялық идея ретінде айтылып, НАТО-ның жалпы кеңеюі туралы нақты уәде ретінде берілмеген.
Сонымен қатар, мұндай уәдені тек сол кездегі АҚШ президенті Джордж Буш-үлкен ғана бере алатын еді, алайда ол бұл сөзді мүлде қолданбаған. Оның орнына Германияның шығыс аумағына «ерекше мәртебе» беру жайын ғана көтерген.
Автордың пікірінше, Путин НАТО-ның кеңеюі туралы жалған ақпаратты өзінің әскери агрессиясын ақтау үшін пайдаланып отыр. Ресей басшысы НАТО-ны 1997 жылғы шекараға дейін шегінуге мәжбүрлеу арқылы кеңестік ықпал ету аймағын қайта қалпына келтіруге ұмтылады.
Сондай-ақ, Шпордың айтуынша, НАТО-ның шығысқа кеңеюі АҚШ-тың агрессиялық саясатының көрінісі деген тұжырым да негізсіз. Себебі НАТО құрамына енген Шығыс және Орталық Еуропа елдері альянсқа өз еркімен қосылды және олар бұл құқыққа 1975 жылғы Хельсинки қорытынды актісі арқылы ие болған еді. Бұл актіге кезінде Ресей де қол қойған.
Профессордың тұжырымы бойынша, Ресейдің агрессиялық әрекеттеріне НАТО-ның кеңеюі емес, керісінше Кремльдің империялық амбициялары мен ультраұлтшылдық саясаты себеп болды.
Соңғы жаңалықтар





