Базалық мөлшерлеме 18%-ға көтерілді

Ұлттық банк базалық мөлшерлемеге қатысты осындай шешім қабылдады, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Ұлттық Банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. дәлізімен жылдық 18% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады.
Инфляцияның күшеюі, сұраныстың ұсыныстан асып түсуі және белсенді фискалдық саясат аясында ақша-кредит шарттарының жұмсаруы бағаның шектен тыс өсуіне қауіп туғызды. Осыған байланысты инфляцияның динамикасын тұрақтандырып, бағаның бақылаудан шығуына жол бермеу үшін шешімді қадам жасауға тура келді.
Барлық негізгі метрика бойынша инфляцияның өскені байқалды. Жылдық инфляция қыркүйекте 12,9%-ға дейін қарқын алып, Ұлттық Банктің болжамынан асып түсті. Азық-түліктің жекелеген санаттары қарқынды түрде қымбаттап келеді. Бұл өндіріс шығындарымен және импорт құнының өсуімен байланысты. Сонымен қатар сервистік инфляция да (15,3%) реттелетін қызметтердің (30,4%), сондай-ақ бірқатар нарықтық қызметтердің қымбаттауы есебінен айтарлықтай үлес қосты. Жанар-жағармай нарығын ырықтандыру шараларын жалғастыру аясында азық-түлікке жатпайтын инфляция қарқын ала бастады (10,8%) – отын бағасы бір жылда 11,9%-ға қымбаттап, қыркүйекте 3,4%-ға өсті.
Бұған дейін базалық ставка 16,5 % болған еді. Базалық мөлшерлеме көп болған сайын банктегі несие ставкасы да жоғары болады. Ал ол азайғанда кредиттің артық төлемі біршама төмендейді.
Соңғы жаңалықтар




