Бекболат Тілеухан: Жүрсін Ерман мен айтысты тартып алады деп шошыды

12.08.2026 13:27 Томирис САҒЫНДЫҚ
Бекболат Тілеухан: Жүрсін Ерман мен айтысты тартып алады деп шошыды
93
Фото: instagram.com/bekbolat.tleukhan/

Қоғам қайраткері, әнші, жыршы Бекболат Тілеухан «Айтысты Жүрсін Ерманнан тартып алайын деп жүр» деген қауесетке жауап берді. Әншінің айтуынша, айтыс өнерін жоғары бағалап, сүйсініп тамашалағанымен, тізгінді Жүрсін Ермандай ұстайтын азамат жоқ. Сондай-ақ, ол кәсіпкер Қайрат Сатыбалдының кімдерге көмектескенін тілге тиек етті, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы ол журналист Аман Тасығанға берген сұқбатында айтты.

«Берген нәрсеңді айтсаң, сауабы кетіп қалады. Бірақ Қайрат арқылы Қабдеш Жұмаділов, Қайрат Байбосыновқа және өзге де көптеген адамға көмек көрсете алдық. Біреуіне 7 миллион, біреуіне 5 миллион теңгедей қаржылай қолдау жасалды. Ол қаржы өз қалтамнан емес, Қайрекең көп адамға көмектесті. Пәтер алып берді. Мен бизнесмен емеспін, тек дәнекер, көпір болдым. Көпір болғанда: «Мынаған көмектесіңіздер, мынау тамаша жігіт, кестесін ұзағырақ уақытқа бөліп беріңіз» деген сияқты өтініштер айтып, қолдау білдірдім», — деді Бекболат Тілеухан.

Қоғам қайраткері айтыскер ақындардың Меккеге баруына өзінің ешқандай қатысы жоқтығын, бұл қолдауды өзге азаматтардың ұйымдастырғанын мәлімдеді. Оның пайымдауынша, бұл үлкен сауапты іс болғанымен, Меккеге сапар шегу кез келген адамды бірден тақуа етіп жібермейді.

«Айтыскер ақындардың Меккеге барып келуіне менің қатысым болған жоқ. Қатысым болса, керемет үлкен сауапты іс қой. Оны басқа азаматтар жасады, бәрібір барлық адам бірдей иманға келе бермейді. Меккеге барып келген адамның барлығы керемет тақуа болып кетеді деген сөз жоқ. Дегенмен, бір амалын жасап, Қайрекең көмектесті. Онда менің ықпалым жоқ», — деді жыршы.

Айтыс өнеріне қазылық етуге өз тәжірибесі жеткілікті екенін айтқан спикер Жүрсін Ерман тарапынан болған күдік пен қате түсінікке қатысты жауап берді. Ол айтыс билігін тартып алу ойында болмағанын, бұл өнерді дамытуға Жүрсін Ерманның қосқан үлесі ерекше екенін айта келе, өзінің бұл салаға ұмтылмайтынын мәлімдеді.

«Мен өзім айтыстым, айтысты бір адамдай білемін. Содан да айтысқа қазылық етуге хақым бар деп ойлаймын. Жүрсін ағаға ренжігенім жоқ, керісінше ол кісі маған ренжіді. Алдынан өткенім жоқ. Ол кісіге көмектескім келді, ол өзінен-өзі шошыды. «Өзінен-өзі тартып алайын деп жатыр ма» деп ойлады ма, әйтеуір шошып кетті. Мұхамеджан ағатайыма, үйіме қоңырау шалды айтысты тартып алайын деп жатыр деп. Маған керегі жоқ. Маған қызық емес, маған өзге нәрселер қызығырақ. Әр нәрсені өзінің жақсы көретін адамдары істегені дұрыс. Жүрсін аға айтысты өте жақсы біледі, әр ақынның тынысы мен қадірін түсінеді. Жүрсін сияқты бұл өнерді ешкім басқара алмайды. Маған қызық емес, ол өзі шошып кетті. Кезінде өзіне: «Жүрсін аға, маған мұның керегі жоқ, істей беріңіз, мен сізге көмектесейін деп жүрсем, неге шошып жүрсіз?» деп жаздым. Біреулер «Айтыс тізгінсіз кетті, Бекболат арқылы ұстайық деп едік» деп айтып қалған шығар деп ойлаймын. Аманжолов ұстап жүр ғой, сол сияқты қылғысы келеді деп ойлады ғой деймін. Маған қызық емес, басы артық әуре», — деді айтыскер ақын.

Бекболат Тілеухан айтыс өнерін әлі де сүйіп тамашалайтынын айтып, өз сүйікті ақындарын атады. 

«Қазір де айтысты қызығып көремін. Сүйікті ақындарым – Жандарбек, Сырым, Мұхтар Ниязов тіпті керемет. Әсіресе, Оралдан шыққан Мұрат есімді ақынның өнері ерекше сүйсіндіреді. Біраз сөйлетті мені», — деді Бекболат Тілеухан.

Войдите, чтобы оставить комментарий